Мүгедектікті рәсімдеу: қандай құжаттар қажет және қандай талаптар бар
ӨСКЕМЕН. KAZINFORM — Шығыс Қазақтан облысында мамандар мүгедектікті белгілеу тәртібін түсіндіріп берді.
Мүгедектікті белгілеу, еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін анықтау және қажетті әлеуметтік қорғау шараларын белгілеу бойынша мемлекеттік қызмет тегін көрсетіледі. Аталған қызметті алу тәртібі туралы ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті облыстық департаментінің өкілдері айтып берді.
— Медициналық-әлеуметтік сараптама денсаулық сақтау саласы ұйымы берген жолдама негізінде жүргізіледі. Жолдама пациент толық тексеруден өтіп, ем қабылдағаннан кейін рәсімделеді. Куәландыру бірнеше форматта жүзеге асырылады. Азаматтың жеке қатысуымен, үй жағдайында, медициналық ұйымдарда, сырттай және проактивті түрде. Бүгінгі таңда облыста мүгедектікті белгілеу бойынша мемлекеттік қызметті 3 445 азамат алған, — дейді департамент басшысының міндетін атқарушы Наталья Литке.
Өңірде азаматтарды қабылдау алдын ала жазылусыз, сағат 08:00–ден 12:00–ге дейін кезек тәртібімен жүргізіледі. Түстен кейін мамандар құжаттарды қарап, сырттай куәландыру жұмыстарын және сараптамалық шараларды жүзеге асырады.
Медициналық құжаттардың дұрыстығы мәселесіне де ерекше назар аударылған. Жыл басынан бері елде жалған мәлімет ұсыну және медициналық құжаттарды бекітілген талапқа сай рәсімдемеуге байланысты 150-ден астам заңбұзушылық анықталған.
— Сараптама қорытындысы тек расталған медициналық мәліметтер негізінде жүзеге асырылады. Ал жалған ақпарат пен құжат ұсыну заң алдындағы жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін, — деп ескертті Н.Литке.
Еске салсақ, осыған дейін жүктілігі үзіліп, мүгедектік алған әйел ауруханадан 5 млн теңге өндіріп алғаны хабарланған.