Мұхамедиұлы еркін күрестен әлем чемпионатында тұңғыш рет финалда белдескен Бекжановты құттықтады
«Құрметті Нұрлан! Сізді Венгрия астанасы Будапештте күрес түрлері бойынша өткен Әлем чемпионатында еркін күресте күміс жүлдегер атануыңызбен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл жеңісіңіз - тарихи жеңіс! Себебі, Сіз қазақстандық балуандар арасынан алғашқы болып ақтық сында белдестіңіз. Осыған дейін еркін күрестен әлем чемпионаттарында 3 қола медаліміз болса, енді, міне Сіз сол жетістіктерді еселеп күмістен алқа тағып, Қазақстанның абыройын асқақтаттыңыз.
Осы тарихи жеңісіңізбен құттықтай келе, өзіңізге, отбасыңызға және жақындарыңызға зор денсаулық, теңіздей сарқылмас бақыт және жаңа жарқын жеңістер тілеймін!» - деп жазылған құттықтауында
Естеріңізге сала кетейік, күрес түрлерінен Будапешт қаласында (Венгрия) өтіп жатқан олимпиадалық емес салмақтар бойынша Әлем чемионатында қазақстандық балуан Нұрлан Бекжанов күміс жүлдегер атанған болатын. Ол - еркін күрестен ересектер арасында əлем чемпионатының финалына шыққан тұңғыш қазақ балуаны.
Еркін күрестен 70 келі салмақ дәрежесінің ақтық белдесуінде қазақ балуаны 4:8 есебімен ресейлік Магомед Курбаналиевке жол берді. Алайда, ол 2011 жылдан бері болмаған жүлдені Қазақстанға сыйлады.
Нұрлан Бекжанов іріктеу кезеңінде қырғыз балуаны Еламан Доғдырбекұлын 5:1 есебімен жеңсе, 1/8 финалда жергілікті балуан Зсомбор Истванды 6:2 есебімен тізе бүктірді. Ширек финалда Михаил Саваны (Молдова) 0:7 есебімен таза жеңді. Жартылай финалда Нобуоши Такоджиманы 6:10 нәтижесімен жеңіп, финалға жолдама алды.