Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Мұхтар Құл-Мұхаммед Алматыда лаңкестердің қолынан қаза тапқандардың туған-туыстарына көңіл айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед 2016 жылғы 18 шілдеде Алматыда болған қайғылы оқиғаға қатысты үндеу жариялады.

Мұхтар Құл-Мұхаммед Алматыда лаңкестердің қолынан қаза тапқандардың туған-туыстарына көңіл айтты

«Құрметті отандастар! «Нұр Отан» партиясы Алматыда террористердің қолынан қаза тапқан құрбандардың туғандары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады.

Мемлекет басшысы елді дүрліктірген қанды оқиғаға орай Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізді. Онда Елбасы Алматыда және бүкіл еліміз бойынша қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты нақты тапсырмалар берді.

Президент қазіргі таңда «қауесет таратушылардың жолын кесіп, арандатушыларды анықтау маңызды» екенін атап өтті. Партиямыздың Төрағасы: «Тәртіпті ретке келтіру үшін ең қатаң шаралар қабылданып жатқанына халық сенімді болуға тиіс», - деді.

Мемлекет басшысының мәлімдемесін толығымен қолдай отырып, біз адамгершіліктен ада осынау террорлық актіні жасаған қандықол қылмыскерлер барша Қазақстан халқына қарсы шықты деп санаймыз», делінген үндеуде.

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары террористер қатаң жазалануы тиіс екендігін қадап айтты.

«Олар біздің біртұтас қоғамға қауіп төндіріп, үрей туғызуды көздеді. Бірақ лаңкестердің бұл әрекеттерінен түк те шыққан жоқ.

Алматыдағы қайғылы оқиға қазақстандықтарды одан әрі біріктіре түсті. Бірлік, бейбітшілік және тұрақтылық - біздің еліміздің басты құндылықтары. Бұл қасиетті ұғымдарға ешкімнің сызат түсіруіне құқы жоқ.

Қарапайым халықтың қауіпсіздігі үшін өздерін құрбан еткен антына адал полиция қызметкерлері - Қазақстанның нағыз батырлары. Олардың ерлік әрекеттері өжеттілік пен ержүректіліктің және Отаны мен туған халқына адал қызмет етудің жарқын үлгісі болып қала береді», - деді ол.

Мұхтар Құл-Мұхаммед Қазақстан халқы лаңкестікке жойқын тойтарыс беретінін де айтып өтті.

«Бұл қылмыскерлердің өздерін мұсылманбыз деп атауға еш құқы жоқ. Өйткені, олар адам өлтіріп, ең ауыр күнәні арқалады. Олардың қанқұйлы әрекеттері ешқандай ақтап алуға келмейді және ол мүмкін де емес.

«Нұр Отан» партиясы барлық қазақстандықтарды терроризмге қарсы бірігуге шақырады. Қазақстан халқы еліміздегі бұл қасіреттің тамырына тек бірлік пен біртұтастық арқылы балта шаба алады.

Қазіргідей қиын жағдайда азаматтарымыздың қайғыны бөлісіп, ынтымақ пен татулық танытуы - соның айқын дәлелі», - деді ол.