Мұнай арзандаған сайын доллардың құны арта түседі - В.Тельнов
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында Еуразиялық интеграция институты экономикалық зерттеулер бөлімінің меңгерушісі Владимир Тельнов неліктен мұнай бағасының барреліне 40 доллардан төмен құлдилауы мүмкін еместігін және шынымен де қымбат мұнай дәуірінің тәмамдалуы мүмкін бе деген мәселенің басын ашып берді.
Жалпы, оның атап өтуінше, мұнай бағасының төмендейтіндігі жайлы алып-қашпа әңгіменің соңғы екі жыл бойы елді дүрліктіргенімен, оның құнының нақты құлдырауы өткен жылдың жаз айынан басталған. Сол кезеңде «қара алтынның» нарықтағы құны 114 долларды құраса, бүгінде 48 долларға дейін төмендеп отыр.
«Ол кезде біз фьючерстік баға жайында айтқан едік. Яғни, мұнай жеткізу ертеректе жасалған келісімшарттар негізінде жүзеге асырылып келген болатын. Әрине, сол кезеңде біздің экономикамыз мұны сезбеген еді. Ал қазір, 2015 жылы өткен жылдың екінші жартысында жасалған фьючерстерді орындайтын мезет жетті. Сондықтан да біз осы төмендеуді байқадық және біздің экспортымыз қысқарды», - деді ол.
Сарапшының алға тартқан деректеріне қарағанда, егер өткен жылдың алғашқы жартыжылдығында экспорт көлемі 42,3 млрд. долларды құраса, 2015 жылдың дәл сол кезеңінде Қазақстан тек 24,4 млрд. доллардың ғана «қара алтынын» сыртқы шығара алды. Мұндай жайт елдің бюджетіне, компаниялардың табысына ауыр соққы болып тиіп, олардың оңтайландыру мүмкіншіліктерін қысқартуға мәжбүр етті.
«Доллар бұл ештеңемен қамтамасыз етілмеген қағаз, дейді. Бұл мүлдем дұрыс емес. Әрине, қазіргі уақытта ол «алтын стандартынан» алшақтады. Бірақ, доллар құны мұнай құнымен тығыз байланыста тұр. Сондықтан мұнай арзандаған сайын доллардың құны арта түседі. Ал қазіргі қолданыстағы әлемдік қаржылық жүйе долларды нығайта түсуге негізделген. Сол себепті әлемдік қаржы жүйесінің барлық күш-жігері мұнайдың төмен бағасын ұстап тұруға бағытталатын болады. Дәл осы жайтпен долларға қатысты барлық ұлттық валюталардың әлсіреуін түсіндіруге болады», - деді В.Тельнов.
Бұған қоса, ол доллардың арзан тұрған кезеңі өтіп, енді құнды доллар дәуірі келе жатқандығын атап өтті. Дәл осы жағдайға бейімделе отырып, Қазақстанның негізгі сауда серіктестері Ресей мен Қытай өздерінің валюталарын әлсіретуге мәжбүр болған. «Қазақстан бәсекесіздік жағдайына тап болды. Әрине, бұл жайт біздерден сәйкесінше жауапты талап етті», - дейді ол.
Негізгі әлемдік энергетикалық өнімнің қарқынды құнсыздана түсуінің себебін түсіндіре келе сарапшы мұнай бағасының өсуі мен құлдырауы орташа статистикалық есеппен 30 жылдық циклге тән екендігін атап өтті. Яғни, 30 жыл бойы оның бағасы көтеріліп, түсіп отырады. Ал оның шырқау шегі 2014 жылдың маусымына сай келген болатын. Ал ендігі уақытта төмендеу үрдісі орын алуда. Сондықтан сарапшылар мұнайдың төмен бағасы таяу 5-15 жыл бойы сақталады деген болжам жасауда.
«Мен мына бір сәтке де баса назар аудартқым келеді: Бірқатар сарапшылар мұнай дәуірі мүлдем аяқталды деп санайды. Өздеріңіз де білетіндей, мұнайдың 80 пайызы жанармай ретінде пайдаланылады. Қазіргі уақытта жаңаратын энергия көздері қарқынды даму үстінде. Біздің ЭКСПО-2017 халықаралық көрмеміз дәл осы энергия көздерінің дамуына ықпал ететін болады. 5 жылдан кейін әлемде двигательдердің 10 пайызы осы энергия көзімен жұмыс істей бастайды деп санайды. Яғни, үрдіс айқын байқалып отыр. Бұған қоса, ОПЕК мұнайдың баррелін 30 доллардан да сата алатындығын мәлімдеуде. Иранның санкциялардың бұғауынан босап шығуы да әлемдік нарыққа 2 пайыз үстеме мұнайды қосады. Қазіргі сәтте әлемдегі мұнайдың кәдеге жаратылуы бала тууымен, көліктердің артуымен байланысты небәрі 0,7 пайыз өсімді көрсетеді. Сондықтан бұл мұнай нарығындағы ахуалды күрт өзгертіп жібереді. Мұнай арзандаса металл да құнсыздана түседі. Өйткені, оның өндірісінің басты қозғаушы күші жанармай ғой», - дейді экономист.
Дегенмен де ахуалдың бұдан ары ушыға түсу қаупін, яғни мұнай құнының «шыңырау түбіне» кетуіне жол бермейтін шектеушінің бар екендігі үміт отын үрлейді. Мәселенің мән мынада: Соңғы уақытта АҚШ тақта тас мұнайын өндіруді еселеп жіберген болатын. Ал оның өндіру кезіндегі өзіндік құны 60 долларды құрайды. Демек, әлемдік нарықтағы мұнай бағасы қолданыстағы шекті деңгейден төмендеп кетер болса, онда АҚШ-қа тақта тас мұнайын өндіру және оған демеуқаржы бөлу тиімсіз болары анық.
«Мұнай бағасының үздіксіз құлдилай беруі мүмкін емес. Ол барреліне 60 доллардан төмен сырғи бастаған кезде көптеген кәсіпорындар жабыла бастады. Себебі мұндай жағдайда жұмыс істеу пайдасыз және ешкім де шығынға жұмыс істегісі келмейді. Кезінде мұнай бағасы 30, тіпті 20 доллардан төмен болды дейтіндер бар. Бірақ, өздеріңіз ойлап көріңіздерші, осыдан 10-20 жыл бұрын доллардың құны қазіргідей болмады ғой. Сондықтан да біздер ең төменгі шек 40 доллардан түспеуі тиіс деп ойлаймыз. Мұнан ары төмендету мүмкін емес. Осы ретте менің ойыма бір экономистің сөзі келіп отыр. Ол тас дәуірі тастың түгесілуімен емес, жаңа өндірістік жүйенің талап етуінен аяқталды, дейді. Қазіргі жағдайда да дәл солай», - деді В.Тельнов.