Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Мұнай бағасы барреліне 100 доллардан асты

АСТАНА. KAZINFORM – Brent маркалы мұнайдың бағасы мамыр айынан бері алғаш рет барреліне 100 доллардан асты. Бұған Иран қолдайтын Йемендегі хусит қозғалысының 23 шілдеде Қызыл теңізде Сауд Арабиясының екі мұнай танкеріне соққы жасағанын мәлімдеуі себеп болды, деп хабарлайды BBC.

Мұнай бағасы барреліне 100 доллардан асты
Фото: azertag.az

Хуситтер Қызыл теңізде Encelia және Layla танкерлеріне зымырандар мен ұшқышсыз ұшу аппараттары арқылы шабуыл жасағанын мәлімдеді.

Сауд Арабиясының SPA мемлекеттік ақпарат агенттігі ресми дереккөзге сілтеме жасап, Encelia танкеріне соққы жасалып, салдарынан кеменің тұмсық бөлігінде өрт шыққанын хабарлады.

Ұлыбританияның теңіз тәуекелдерін басқарумен айналысатын Vanguard компаниясы да Encelia танкеріне снаряд тигенін растады. Ал Layla танкеріне шабуыл жасалғаны туралы ақпарат әзірге расталған жоқ.

Бұл – Иран қолдайтын топтың Сауд Арабиясына қарсы «теңіз эмбаргосын» жариялағаннан кейінгі алғашқы шабуылы.

Хуситтердің әрекетіне байланысты бейсенбі күні Brent маркалы мұнайдың бағасы 6 пайызға қымбаттап, барреліне 100 доллардан асты.

Bloomberg агенттігінің мәліметінше, Қазақстанда Ресейдің Қара теңіз жағалауындағы Каспий құбыр консорциумы терминалы жұмысының тоқтауына байланысты мұнай өндіру көлемінің қысқаруы, әлемдік қорлардың азаюы және АҚШ пен Иран арасындағы қақтығыстың ушығуы да мұнай бағасына қосымша қысым жасап отыр.

Айта кетейік, бұған дейін елімізде мұнай өндіру көлемі уақытша төмендетілгенін жаздық.