Мұнай бағасы қай деңгейге дейін төмендейді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Соңғы кездегі мұнай нарқына байланысты өзгеріп отырған әлемдік қаржылық-экономикалық оқиғалардың бізге де тікелей қатысы бары айтпаса да түсінікті.
Маусым айының басында күрт құлдыраған теңгенің нарқы айдың соңына қарай қайтадан еңсе тіктей бастады.
Қазақстан Республикасының жағдайында теңге бағамы - тіршілік бағамы. Теңгең болса - теңелесің, біраз байлыққа кенелесің. Бұл енді өте маңызды сұрақ. Себебі, нарықтық қатынастар орнағаннан бері халық ақшаның да, басқаның да қадірін түсіне бастады. Бұл жердегі әңгіме тек қана азаматтардың қалтасындағы қаржыға байланысты емес. Әңгіме мемлекеттік қаржыға, оның үстіне қос бірдей дағдарысты бастан өткерген әлем жағдайындағы мемлекеттің қаржысына байланысты.
Қазір ел арасында қаржылық дағдарысқа, девальвацияға, ықтимал Еуразиялық одақтың ортақ валютасына байланысты әңгіме гу-гу. Біреу анау дейді, біреу мынау дейді. Бірақ, нақты тұжырым да, нақты сенім де жоқ.
Соңғы кезде қаржылық дағдарыстан әбден үрейленіп қалған халық өз қалтасынан бұрын мемлекеттің қаржысы туралы ойланып-толғануды әдетке айналдырды.
Шенеуніктер пікіріне құлақ түрер болсақ, елдің экономикасы мен қаржысына байланысты біржақты шешім ести алмаймыз. Кейбір сарапшылар осыған байланысты еліміздің қаржылық-экономикалық жағдайы онша мәз емес-ау, деген пікірлердің де шетін шығара бастады.
Маусым айындағы теңгенің құнсыздануы осы күмәнға су құя түскен сияқты еді. Мұнай бұрынғысынша құнын арзандата бастаған кезде маусымның соңына қарай теңге қайтадан еңсе тіктеп отыр.
Соның алдында ғана Қазақстанның монетарлық билігі Американың көк қағазына деген сұранымның өскеніне алаңдай бастаған. Осы тенденцияға орай Мемлекет басшысының аузынан дедолларизацияның мүддесін қорғаған сөздердің шыққаны да рас.
Осының бәрі қаржы көзі моноэкономикаға негізделген біздің жағдайымызда мұнай нарқына тікелей байланысты екені айтпаса да белгілі. Қазір брэнд маркалы мұнайдың құны қайта көтеріліп, Қазақстан сияқты қаржы көзі макроэкономикаға негізделген мемлекеттердің шүкіршілік ете бастаған жағдайы аңғарылады.
Рас, мұнай құны әдепкі 46 доллардан әжептәуір төмендеп, ел экономикасына айтарлықтай әсер етті.
Ал егер сөйткен мұнай құны одан да құлдырап, 30 немесе 25 долларға жетсе не болмақ?
Бағзы бір сарапшылар мұндай жағдайдың әбден ықтимал екенін алға тартуда. Себебі, мұнай нарқы - алдымен құдайдың еркінде дегенімен, бергі дүниедегі құдіретті күштердің ықпалында болып отыр.
Бұл жердегі мәселе қаржыгерлер мен саясаткерлер қазіргі дағдарыс жағдайында елдің арқасүйер ең басты тетігі санап отырған Ұлттық Қорға байланысты.
Ұлттық Қордың ықтимал қаржылық-экономикалық дағдарыс жағдайында елдің әл-ауқатын, бәрінен бұрын халықтың тұрмыстық жағдайын жақсартуға жұмсалатынын Қазақстан Президенті Назарбаев бірнеше мәрте айтып та өткен.
Қазір Қазақстан экономикасы құдайға сенуі өз алдына, бағасы күнде өзгеріп отырған мұнайдан да гөрі сол Ұлттық Қордың жинақталған қаржысына арқа сүйеп отырғаны даусыз.
Жеме-жемге келгенде, осының бәрі ұлттық экономиканы сақтап қалудың бірден-бір тетігі мұнай ғана емесін көрсетеді. Тәуелсіздігін кеше алып, бір формациядан қарама-қарсы екінші формацияға өткен жас мемлекеттің бірден макроэкономикаға, яғни, табиғи ресурстар өніміне арқа сүйеуі де заңды болатын.
Дегенмен, қазір жағдай өзгерді. Бүгінгі қазақ, кешегі қазақ емес, сауда-саттықты да, экономикалық тетіктерді де жақсы біледі. Қазір қазақ билігі ұлттық экономиканы өрістетудің, Ұлттық Қорды қайтадан толықтырудың жаңа тетіктерін іздестіре бастады.
Оның басты амалы - туризм! Басқаны айтпағанда, бауырлас түрік елінің мемлекеттік бюджетінің қомақты бөлігін осы туризм саласынан түсетін түсімдер толықтырып отыр. Ал Испанияның мемлекеттік ұлттық бюджетінің 62 пайызы туризмнің үлесінде.
Ал қазақ даласында табысы шаш-етектен осынау саланы дамытудың мүмкіндіктері жеткілікті. Көкшетау мен Бурабайды, Қарқаралы мен Баянауылды айтпағанда, Алакөлдің шипалы суының өзі, ондағы туристік заманауи инфрақұрылымның өзі не тұрады?!
Демек, Қазақстан жағдайында Ұлттық Қорды одан әрі толықтырып, ел экономикасын нығайтудың мүмкіндігі жеткілікті деген сөз.