Мұнай бағасының өсетінін күтіп отыра беруге болмайды – Н. Назарбаев

АСТАНА. ҚазАқпарат. - Мұнай бағасының өсетінін күтіп отыра беруге болмаййды. Ол жақын аралықта көтерілмеуі де мүмкін. Бүгін Астанада өтіп жатқан «Нұр Отан» саяси партиясының кезектен тыс XVII съезінде партия Төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.

Мұнай бағасының өсетінін күтіп отыра беруге болмайды – Н. Назарбаев

Сөз арасында Елбасы бүгінгі әлем күрделі экономикалық, қарама-қайшылық даму кезеңін бастан кешіріп жатқанына тоқталды.

«Біріншіден, жаһандық экономиканың құрылымдық өзгерісі жүріп жатыр. Бұл жаһандық өндіріске өз әсерін тигізіп, еңбек бөлінісінің жаңа сұлбасын қалыптастырып отыр. Сонымен қатар, геоэкономикалық супер циклдың аяқталуы байқалады. Тарихқа көз жүгіртейікші. Оңтүстік Шығыс Азия дағдарысы 1997 жылы басталды. Ал 1998 жылы әлем азиялық дағдарыстың салдарын бастан кешті. Есте болса, мұнай бағасы сол тұста барреліне 8,5 доллар болды. Сосын онжылдықтар бойы мұнай бағасы өсіп, 130 долларға дейін жетті. Сосын қайтадан онжылдықтар бойы құлдырау басталды. Бұл құлдырау күні бүгінге дейін жалғасып, ендігі күні шегіне жететін тәрізді. Сонымен қатар, біз мұнай баррелінің бағасы 30 доллар болған кезеңде жарты жыл бойы өмір сүріп келеміз. Ештеңе де болған жоқ қой. Біз бұл дағдарысты да еңсереміз, ол ұзақ болуы да мүмкін, алайда оның жақсы жақтары да жоқ емес. Біз индустриялық саясатты жасадық, «Нұрлы жол» бағдарламасы бар, қолжетімді тұрғын үй, арендалық баспана бағдарламасын қабылдадық. Осының бәрі дағдарысқа қарсы күрес. Ең бастысы халыққа жұмыс беру, мұның бәрі жолға қойылды. Біз барлық жерде бағаның құлдырауын бақылап отырмыз», - деді Елбасы.

«Біз шынайылықта өмір сүруге тиіспіз. Тәуекелдерді еңсеріп, даму үшін мүмкіндікті таба білу маңызды. Кейбіреулер мұнай бағасы қайта көтеріледі деп ойлауы мүмкін, олай болмайды. Бұл ұзақ үдеріс, осыған бейімделуге тиіспіз. Бізде дағдарысты еңсеруге бағытталған ресурстар жеткілікті», - деді партия Төрағасы.