Мұнай баррелінің бағасы 78 доллардан асты

деп хабарлайды ВВС телекомпаниясы.
Соңғы екі аптада мұнай бағасы 12 пайыздан астамға өсіп, 80 долларға жақындады.
Талдаушылардың айтуынша, бұл жағдай АҚШ-та күннің суытуы, мұнайдың резервтік қорының азаюы және американ экономикасының тіршілік белгісін білдіре бастауы сияқты бірнеше фактормен байланысты.
АҚШ үкіметі өткен аптада мұнай резервінің 5 миллион баррельге азайғанын хабарлады және осы үрдіс жалғаса берсе, мұнайдың бағасы көтеріле бастайтынын мәлім етті.
Мұнай бағасының қымбаттауына сондай-ақ, Ресей мен Украинаның арасындағы энергетикалық дау себеп болып отыр, дейді сарапшылар. Бұл жолғы проблема Украина газ транзиті үшін ұсынып отырған тарифке ресей тарабының риза болмауымен байланысты.
Қытай экономикасындағы оң өзгерістер де мұнай бағасына әсер етіп отыр. 2009 жылдың қаңтар-қараша айларында елдің жалпы ішкі өнімі күтілген 9 пайыздың орнына 9,6 пайызға өсті. Доллардың валюта кәрзеңкесіне қатысты әлсіреуі де мұнай бағасына әсер етуде.
Мұнайдың ірі экспорттаушысы және ОПЕК-ке мүше Сауд Арабстаны, 70-80 доллар/баррель бағаның өндірушілерді де, тұтынушылар мен инвесторларды да қанағаттандыратынын бұған дейін мәлім еткен болатын.