Мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру 2 есе ұлғайды

АСТАНА. KAZINFORM — Мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру 2 есе ұлғайды. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты.

мұнай
Фото: Pexels

«Осы жылдың 4 айының қорытындысында мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2 есе өсіп, 213,1 мың тонна болды. Саланың барлық өнімдері бойынша өсім байқалады. Сонымен қатар министрлік жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың жүктемесін ұлғайту бойынша бірқатар шара қабылдап жатыр. Жыл соңына дейін 628,3 мың тонна мұнай-газ-химия өнімі шығарылады, бұл дегеніміз — өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 75 пайыз өсім», — деді ол. 

Министр мұнай-газ-химия саласын одан әрі дамыту елдің экономикалық өсімінің негізі саналатындығын айтты.

«Министрлік осы бағытта кешенді жұмыс жүргізіп жатыр. Оның ішінде 2029 жылға дейін шамамен 14,3 млрд долларына 5 ірі жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Осы жобаларды іске асыру экономиканың жыл сайынғы өсімін 1,5 пайызға жеткізіп, 20 мыңға жуық жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Оның ішінде құрылыс кезеңінде — 17 мың және пайдалану кезеңінде — 3 мың жұмыс орны. Осы жылдың өзінде қуаты 340 мың тоннаға дейін бутадиенді және оның туындыларын өндіру жөніндегі жобаның құрылысы басталады. Сондай-ақ қуаты 1,2 млн тонна полиэтилен жобасы бойынша ел тарихындағы ең ірі жобалардың бірі бойынша инвестициялық шешім қабылданады», — деді Алмасадам Сәтқалиев.

Соңғы жаңалықтар