Мұнай-газ химиясы: Елімізде болашағы зор 4 жоба жүзеге асырылып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР ЭМ Мұнай-газ-химия және техникалық реттеу департаментінің директоры Темірлан Үркімбаев елімізде мұнай-газ химиясы саласында атқарылып жатқан бірқатар маңызды жобаны атады.

— Мұнай-газ химиясы саласында бірқатар келешегі зор жобалар жүзеге асырылып жатыр. Атап айтсақ, Ақтөбе облысында карбамид өндірісі (іске қосылуы — 2029 жылы), алкилат өндірісі (іске қосылуы — 2027 жылы), бутадиен өндірісі (іске қосылуы — 2028 жылы), сондай-ақ Ақтауда аммиак-карбамид кешені (іске қосу — 2029 жылы) іске қосылады. Қазіргі таңда бұл жобалардың атқарылу барысы базалық жобалық құжаттаманы әзірлеуден бастап қаржыландыру тетіктерін пысықтауға дейінгі әртүрлі сатыда тұр, — деді ол Power Central Asia + China өңірлік энергетикалық форумында.
Айта кетейік, карбамид — ауыл шаруашылығында аса сұранысқа ие азотты тыңайтқыш, ал алкилат — бензиннің жоғары октанды компоненті. Сондай-ақ бутадиен — автокөлік өнеркәсібінде, шина, пластик және резеңке бұйымдарын өндіруде қолданылатын синтетикалық каучук.
Елімізде 2029 жылға дейін 1,6 мың км жылу беру желісі жаңғыртылады.
2029 жылы қуаты 1,25 млн тонна болатын полиэтилен зауыты іске қосылады.