Мұнай-газ саласында еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік әріптестік мәселелері қаралды
АСТАНА. KAZINFORM — Энергетика министрлігінде мұнай-газ саласындағы әлеуметтік әріптестік мәселелері талқыланды.
2026 жылғы 30 маусымда Астана қаласында Энергетика вице-министрі Қ.С. Тұтқышбаевтың төрағалығымен, мұнай-газ саласының салалық кәсіподақтарының, «KAZENERGY», «PETROMINING» қауымдастықтарының, сондай-ақ Мұнай-газ-химиясы өнімдерін өндірушілер мен тұтынушылар қауымдастығының және мұнай-газ саласы жұмыс берушілерінің қатысуымен мұнай-газ, мұнай өңдеу және мұнай-газ-химиясы салаларындағы әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі салалық комиссияның кезекті отырысы өтті.
— Отырыста мұнай-газ, мұнай өңдеу және мұнай-газ-химиясы салаларындағы әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асырудың негізгі мәселелері қаралды. Сонымен қатар 2026 жылға арналған Салалық комиссияның құрамына өзгерістер енгізу туралы мәселе қаралып, тиісті өзгерістер енгізілді, — делінген хабарламада.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау өкілдері облыстардың ахуалы бойынша, сондай-ақ Маңғыстау облысы әкімдігінің өкілдері баяндама жасады. Ағымдағы жылдың алты айының қорытындысы бойынша мұнай-газ саласында еңбек дауларының алдын алу, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету бағытында қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат берілді.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның және оның Ақтау қаласындағы өкілдігінің әлеуметтік әріптестікті нығайту, еңбек дауларының алдын алу, сондай-ақ қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету бағытында жүргізіп жатқан жұмысына ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ, «QAZAQGAZ» ҰК» АҚ компанияның өндірістік нысандарындағы қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын жақсарту бойынша ағымдағы кезеңде қабылданып жатқан шаралар және әлеуметтік шиеленісті төмендету мен еңбек дауларының алдын алу бағытында жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар туралы баяндады.
Бұған дейін Қазақстан мен Германия энергетика саласындағы жаңа жобаларды іске асыруға келіскенін жазғанбыз.