Мұнай компанияларына жеңілдік жасалады - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 26 ақпан, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
Әлемде мұнай бағасының құлдырауына байланысты, Қазақстанда мұнай компаниялары үшін салықтық жүктеме төмендетіледі. Бұл туралы "Айқын" газеті бүгінгі санындағы "Мұнай компанияларына жеңілдік жасалады" атты мақаласында жазды.
Энергетика бірінші вице-министрі Ұзақбай Қарабалиннің айтуынша, көптеген кен орындарында мұнай қорын зерттеу тұрғысында қымбат технологияларды пайдалану қажет екен. Ал мұнай бағасының арзандауы қымбат технологияны пайдалануға мүмкіндік бермей отырған көрінеді. Осы факторды ескерген біздің билік елдегі мұнай компанияларына салықтық жүктемені азайтпақшы.
«Жер қойнауын пайдаланушылар шығыстарын зерттеу, сондай-ақ мұнай-газ саласы үшін күрделі кезеңде Қазақстанда өндіру деңгейін қолдау мүмкіндіктерін қарастыру мақсатында мұнай-газ компанияларына салықтық жүктемені түзету шаралары қаралуда. Талдау жұмыстарына қарағанда, биыл Қазақстанда мұнай секторы бойынша салықтық жүктеме коэффициенті 75 пайыз шамасында» деді Ұзақбай Қарабалин.
Ұзақбай Қарабалиннің дерегіне сүйенсек, биыл 80,5 млн тонна мұнай өндіріп, оның 60 млн тоннасын экспортқа шығару жоспарланып отыр екен. Ал 2017 жылы мұнай өндіру 86 млн тоннаға, 2020 жылы 104 млн тоннаға артады деп көзделіп отыр. Бұл жылдары мұнай өндіру көлемінің артуына Теңіз кен орнында өндірістің кеңеюі және Қашаған кен орнында мұнай өндірудің жандануы ықпал етеді деген болжам бар.
Қазақ хандарының алтын тағы, алтын тәжі туралы деректердің күні бүгінге дейін тарихи емес, мифологиялық сипаты басым болып келгені рас. Тарихшылар мұның себебін біздің көшпенді өмір салтымызбен түсіндіріп келді, деп жазады аталған басылым "Хандар мінген алтын тақ қайда?" атты мақалада.
Басылымның жащуынша, қазір сарапшылар мұның себебі тым тереңде дейді. КСРО саясатына қазақ хандарының сән-салтанаты кереғар келді. Тіпті 1970 жылы түсірілген «Қыз Жібек» фильмінде қазақ көшін бейнелеген көрініс те кезінде орталықта біраз адамдардың көңілінен шықпай, қиылып қалғанын білеміз. Орталықтың айтар уәжі белгілі. Мақсаты - біздің бай тарихы бар ұлт болғанымызды тарих жадынан ұмыттыру. Сөйтіп, қазақ хандарының, қазақ байларының сән-салтанаты көптеген жылдар бойы қоғамның назарынан тыс қалды.
Қапияда көз жұмған ханзадаларын ғана емес, олардың көзі тірісінде сенімді болған һас тұлпарларын да алтынмен аптап, күміспен күптеп жерлеген халықтың Дешті Қыпшақ даласында өмір сүргеніне әлем куә, қазақ жерінің әр қиырынан табылып жатқан қазба жұмыстары куә. Осыдан келіп «Шығыс сұлтандары билігінің рәміздеріне айналған алтын тақ пен алтын тәж біздің қазақ хандарында да болуы әбден мүмкін ғой» деген ойға еріксіз басымдық бересің.
ХVII ғасырда парсы тілінде жазылған авторы белгісіз «Алам-ара-йи Шах Исмаил» кітабынан Қасым хан туралы тамаша мәліметтер табылыпты. Онда ХVI ғасырдағы қазақ билеушісі шетелдік әріптесін қалай қабылдағаны тәптіштей суреттелген. «Жәнібек сұлтан ұзақ жол жүріп, елге келді. Ордада отырған Қасым ханға Жәнібек сұлтанның келіп тұрғандығы хабар етілді. Қасым хан жауап ретінде оны қарсы алып, қабылдауына алып келуге өзінің билерін жіберді. Оның (Жәнібек сұлтанның) назары таза алтыннан құйылған Шыңғысханның тағында жыртқыш аңдай болып отырған Қасым ханға ауды. Тақтың төрт бұрышы арыстан мен сілеусін, айдаһар мен жолбарыс бейнесінде таза алтыннан құйылған. Оның (Қасым ханның) басында құны жетпіс мың түменмен бағаланатын Шыңғыс ханның Алтын тәжі бар. Иегінде ұзын бір тарам, екі ұртында төрт тарам сақалы кіндігіне дейін түсіп тұр. Мұның бәрі Шыңғыс ханның бізге белгілі белгілеріне сай келіп тұр. Шыңғыс ханның тұқымдарының ішінде осындай сипатқа ие болған ұрпақтары ғана билік басына келіп, хан тағына отырады. Алтын тақтың айналасын 200 би мен әмірлер қоршап тұр. Оң жағында әдемі орынтақта оның баласы Әбілқайыр хан отыр. Ол (Әбілқайыр) басына сары түсті шәлімен оралған, бағалы тастары бар алтын түйрегіші бар өзбек қалпағын киіпті. Үстінде алтын жіптермен әдіптелген жібек шапан», деп жазады басылым.
***
Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығында Бейнеу ауданының тұрғыны үш ұлды өмірге әкелді. Мұқағали, Шәмші, Төлеген есімді үшем туылды. Бір жарым ай дәрігерлердің бақылауында болып, жағдайлары түзелген соң «үш батыр» туған үйлеріне жол тартты деп жазады "Егемен Қазақстан" бүгінгі санындағы "Үш ұл" атты мақаласында.
Басылымның атап өтуінше, дүние есігін ашқан үшемнің бірі «қазақ вальсінің королі» атанған Шәмшінің, қалған екеуі ХХ ғасырдағы қазақ халқының, қазақ әдебиетінің үзеңгі қағыстыра жүріп жыр төгілткен айтулы қос ақыны - Мұқағали мен Төлегеннің есімдерін иеленді.
Маңғыстау облыстық перинаталдық орталығының директоры Жамал Жаманбаеваның айтуынша, анасы мен сәбилердің денсаулығына сай ота арқылы босандырылған. Ең кішкентайының салмағы 1 кг 800 грамды құраған сәбилерді бір айдан астам уақыт дәрігерлер өз қадағалауларында ұстап, жағдайлары қалыпқа келген соң үйлеріне шығарып салған.
Қатарға «ат ұстар» келсе, қуанбайтын қазақ жоқ. Қазақтың саны бірден үш азаматқа көбейіп жатса, бұл бүкіл елдің қуанышы. Сондықтан, Маңғыстаудың алыс ауданындағы Сам құмының өскіндері - Мұқағали мен Төлегенге, Шәмшіге мықты денсаулық тілейміз. Аттарына сай айтулы азаматтар болып өсіп-жетілуіне тілекшіміз. Ал қазіргідей кітап оқу құрдымға кетіп, ұлттық болмысымыздан ұзаңқырап кеткен кезде кітапты жанына серік етіп, қазақтың ұлы тұлғаларын құрмет тұтқан ауылдағы ағайынға қалай риза болмассың?! - деп жазады басылым.
Сондай-ақ аталған басылымда "Бөрітостаған" деген атпан мақала беріліп отыр. Автордың жазуынша, Тарбағатай өңірінде осы аттас ерекше бір тас бар. Тарбағатай тауынан бөлек егістік алқабы секілді теп-тегіс жер бар, сол жерде бір қызығы айналасы алаңқай пішіндегі жерге бітімі бөлек жұмырланған үлкен алып тасты орналастыра салған сияқтанады. Бұл елден елге жеткен ғажап тас жөніндегі таусылмас әңгіме аңыз болып тарады: «Тым ерте кезеңдерде осы Тарбағатай тауларының бірінде өте ірі денелі алып кейуана өмір сүріпті. Күндердің бір күнінде жарықтық алып анамыз отарлы қойын жазыққа айдап салып қаперсіз жайып отырады. Терең ойға берілген күйі бір уақ ыңылдап бір әннің қайырымын келтіреді. Ара-арасында ұршығын иіріп сол балалық шақтың қилы қызықтарын сағына еске алғандай сәтте тыныш жатқан отардың шеті қайта-қайта дүр көтеріледі. Сондай жайсыз, әбден мазаны кетірген қапысыз кезде тау шатқалынан бейқам сәтте тосыннан шығатын көкбөрілерге жыны келген кейуана алдындағы отар тағы құлақтарын кере иіріліп қалғанда не істерін білмей, қолындағы ұршығын қияндап кеткен малға қайыру бермей мазаны алған бөрілерге құлаштап тұрып жіберіп кеп қалады. Тыныш жатқан отарына да, бейқам отырған өзіне де маза бермеген қасқырларға әбден зығырданы қайнаған алып кейуана иіріп отырған ұршығының басын лақтырып көкжал біткенді үркітіп отырған деседі. Ұршықтың тасын көз алдыңызға елестетіп көріңіз», - дейді бір аңыз. Ал кезінде өткен ғасырдың сексенінші жылдары «Білім және еңбек» ғылыми журналына алматылық ғалым Тоқтар Нүркенов «Бөрітостаған» аспаннан түскен қатты зат, бұл тас метеориттік қопарылыс кезінде ұясынан шығып кеткен пергаменттік дене болуы мүмкін деген болжам айтқан. Шындығын зерттеген геологтар «Бұл өзі мол су көзін басып жатыр», - деп топшылайды.
***
«Казахстанская правда» газеті «Рыцари сойдутся в поединках» атты мақаласында жазуынша, жуық арадағы демалыс күндері, 28 ақпанда Қарағанды облыстық ІІ ашық чемпионаты аясында екі спорттық жарыс өтеді. Оның бірі ортағасырлық рыцарьлық жекпе-жек, ал екіншісі ММА нұсқасы бойынша рейтингтік жекпе-жек.
Бірінші жарыс жай ғана қойылым емес, кәдімгі ортағасырлық нұсқада жасалған қарулармен шайқасу болмақ. Ол М-1 Mediеval аясында өтеді. Сайысқа қатысушылардың қорғаныс сауыттары болаттан жасалып, қарулар тарихи қару-жарақтың нақты көшірмесі болады. Әрбір жекпе-жек үш раундтан тұрады.