Мұнай мәселесінде Қазақстан бәсекеге қабілеттілігін арттырса игі...

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі жаһандық дағдарыс үш есе құлдырап кеткен қара алтын құнынан басталды. 2015 жылы бір баррель мұнай бағасы ә дегенде 107 доллардан 57 долларға, кейін 27 долларға дейін түсті. Бұған бірнеше факторлардың әсері бар. Сарапшылардың басым бөлігі бұған АҚШ, Канада, Ресей, ОПЕК сынды алпауыттар арасындағы арпалыстың салдарын алға тартады. Дегенмен, АҚШ-тағы тақтатас (сланец) мұнай мен газын өндірудің қарқыны, сосын «қара алтын» бойынша әлемдік ойыншы ретінде саналатын Ираннан санкциялардың алынып тасталуы да мұнай бағасына әсер етпей қойған жоқ. Таяу Шығыстағы тұрақсыздықтың төркінін де «мұнай соғысына» балайтындар жоқ емес. Осының салдарынан Қазақстан секілді экономикасы мұнаймен көбірек байланысты елдердің басым бөлігі зардап шегіп келеді.

Мұнай мәселесінде Қазақстан бәсекеге қабілеттілігін арттырса игі...

 Сөзіміз дәлелсіз болмас үшін Статистика комитетінің сандарына сүйеніп, сыртқы сектордың ел экономикасына ықпалын сараптадық.

Мұнай қорынан да, экспорт көлемінен де алғашқы 15 мемлекеттің қатарына кіретін Қазақстанға қалыптасқан бұл ахуал айтарлықтай ықпал еткен. Жалпылама алғанда сыртқы сауда айналымы екі-үш есе кеміді. Ал үш жылда экспортталған мұнай көлемі белгіленген межеден кем түспесе де, одан түскен табыс үш есе азайып кеткен. Себебі «қара алтын» арзанға сатылып жатыр. Төмендегі кестеге көз жүгіртсеңіз бәрі тайға таңба басқандай-ақ:

 

Сыртқы сауда айналымы

(млн АҚШ доллары)

Экспорт

(млн АҚШ доллары)

Импорт

(млн АҚШ доллары)

2014

119 450,6

78 237,8

41 212,8

2015

75 911,6

45 725,6

30 186,0

2016 (қаңтар-қазан)

49 274,4

29 074,5

20 199,9

 

 

Экспортталған мұнай көлемі

(мың тонна)

Түскен табыс

(млрд АҚШ доллары)

2014

68 215,7

53 629 966,8

2015

63 581,7

26 774 844,2

2016 (қаңтар-қазан)

50 854,5

15 352 447,9

 

Бұл арада Қазақстан мұнай бағасымен алғышартталған әлемдік экономикалық ахуалдың тек салдарын тартып отыр. Халықаралық «Forex Club» компаниялар тобының сарапшысы Валерий Полховский осындай пікір айтады. Сарапшы ел экономикасына ең бірінші ықпал етіп отырған өзге себептерді атады.

 

(ФОТО)

-        «Негізі әлемдік ахуал Қазақстан экономикасына айтарлықтай ықпал жасап отырған жоқ. Себебі Қазақстанның Қытай, Ресей сынды басты серіктестері бар. Ел экономикасына ең бірінші ықпал етіп отырған да осы көршілердегі жағдай. Қытай экономикасының баяулауы мен Ресей экономикасындағы дағдарыс қатты әсер етіп отыр. Тауар жеткізу, сауда-саттық келісімдері тежелуде. Өз кезегінде қос көршіге жаһандағы жағдай әсер етеді. Сондықтан сыртқы секторда әлемдік экономиканың ықпалын салдар деп түсінуге болады. Бұдан бөлек Қазақстанның ішкі мәселелері бар. Алдыңғы қатарлы мемлекеттермен салыстырғанда бәсекеге қабілетсіз. Әлемдік еңбек нарығында еншісін еселеу үшін ең алдымен осы мәселелерді шешу қажет. Сонда ғана Қазақстан экономикасы мұнайға тәуелділіктен құтылады», - дейді маман.

Бақсақ, Қазақстандағы жағдайда бүгін-ертең мұнай бағасына тәуелділіктен арыла алмайтынымыз байқалады. Бұның бәсекелестіктен бастап, ел жағдайындағы жалпы экономикалық себептері көп. Ол жеке мақалаға арқау боларлық жүк. Ал басты себеп - өндірілген шикізаттың өз елімізде өңделмеуі. Мұнайдың негізгі бөлігі экспортқа кетеді. Мұнайдан қайта өңделген өнімдер түгел сырттан тасымалданады. Яғни экспортқа шығарған мұнайымызды жанармай, газ, энергия түрінде (Ресейден) импорттап аламыз. Елдегі жанармай құнының қымбаттығы да осыдан. Неге Қазақстан өз мұнайын өзі өңдеп, ішкі нарықты арзан өніммен қамтамасыз етпейді? Бұған не кедергі болып отыр? Тағы да сарапшы сөзіне жүгінсек

- Жанатын шикізаттың сапасын бақылайтын халықаралық The International Fuel Quality Center (IFQC) орталығы әлем елдеріндегі жанармай сапасын зерттеген. Орталықтың рейтингі бойынша Қазақстан 2016 жылы 100 орынның ішінде 90-орынға тұрақтапты.  Бұл Уганда мен Конгоның рейтингінен де төмен. Бұны бір деп қойыңыз. Енді Қазақстан «қара алтынды» қайта өңдейтін үш ірі зауытты жетілдіріп, мұнайды қайта өңдеу көлемін 14,5 млн тоннадан 17,5 млн тоннаға дейін арттыруды көздеп отыр. Алайда бұл 2019 жылы ғана алынатын меже. Павлодар мен Атыраудағы мұнайды қайта өңдеу зауыттарын жаңғырту жұмыстары 2017 жылы, Шымкенттегі зауытты жаңғырту жұмысы 2018 жылы аяқталуы керек. Энергетика министрлігінің есебі бойынша осы зауыттарды жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін бензин, дизельді отын, әуе кемелеріне арналған жанармайлардың өндірісі артуы тиіс. Яғни мұнайды қайта өңдеу көлемі 17,5 млн тоннаға артатын болса Қазақстан ішкі қажеттілігін отандық мұнай өнімдерімен толықтай қамтамасыз етіп, импортқа тәуелділіктен құтылады, - дейді Валерий Иванович.

Тағы да «бірақ» дейміз бұл арада. Екі жылда бар мәселені шешіп, мақсатқа жету екіталай екен. Себебі мұнайды қайта өңдеу зауыттарын жаңғырту бағдарламасын толықтай жүзеге асырған күннің өзінде бір қатер бар. ҚР өндірілген шикізатты ішкі нарыққа әкелу өндірушілер үшін тиімсіз болуы мүмкін. Осылайша бұл мәселе де кезі келгенше басы ашық күйінде қала бермек. Әзірге мұнай мәселесінде қолдан келер қайран жоқ. Алпауыттарға көшелік

Ресей экономикасы мен экспорты

Ресей 2016 жылы 547,6 млн тонна мұнай өндіріп, 254,8 млн тоннасын экспортқа шығарған. Яғни мұнай өндірісінің 46,5 пайызы. Осылайша федерацияның өткен жылғы жалпы экспортында мұнайдың үлесі 25,8% құраған. Санкциялардың құрсауында қалғанына қарамастан Ресей оза шабар оңтайлы тұсты қалт жібермей пайдаланып отыр.  Мысал үшін, былтыр Қытайға мұнай жеткізуде Сауд Арабиясының алдын орап кеткен. Бұған дейін Қытайға мұнайдың негізгі бөлігін осы арабтар жеткізетін. Шаң қаптырып кеткен жері бұл ғана емес.  2016 жылы мұнай өндіруден Америка мен Сауд Арабиясын басып озып, әлем бойынша бірінші орынға шықты. Десек те көршіміз дөңайбаттан ада. Себебі санкцияларға қосылған сыртқы сектордағы сергелдеңнің бара-бара сүлдерін қалдырмасына кепіл жоқ. Бүгінгісі «бөрі аштығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтардың» кері. Сондықтан арбасқан алпауыттармен келісімге келуге кет әрі емес. Желтоқсанда ОПЕК-пен мұнай өндіру көлемін шектеу туралы келісім жасасқан. Алдағы уақытта да осы уағданы жалғастыра беруге бейім. Өз кезегінде ОПЕК-тің де келіспеске амалы жоқ. Ресей ұйым құрамына кірмесе де саясатына айтарлықтай ықпал ете алады. Өйткені кез келген уақытта нарықтағы үлесін арттыруы мүмкін. Сол себепті де ОПЕК көршімізбен санасуға мәжбүр.  Дәл қазір қос тараптың мүддесі бір жерде тоғысып тұр. Бас ауру басқада...

Тығырыққа тірелген ОПЕК

ОПЕК - мұнай экспорттаушы елдер ұйымы. Құрамында 13 мемлекет бар: Алжир, Ангола, Венесуэла, Габон, Иран, Ирак, Кувейт, Катар, Ливия, Біріккен Араб Әмірліктері, Нигерия, Саудовская Аравия және Эквадор. Ұйымның екінші аты - картель. Штаб-пәтері Венада орналасқан. ОПЕК құрамына кіретін елдердің дәлелденген мұнай қоры 1 199,71 млрд баррелді құрайды. Әлемдегі мұнай қорының үштен екісіне ие. Экспорттың тең жартысы тиесілі.

Бірақ ОПЕК-тің XXI ғасырда мұнай бағасы мен шикізат нарығына ықпалы әлдеқайда төмендеді. Бұған басты себеп - ұйымға кірмейтін, Ресей, АҚШ, Қытай, Канада, Бразилия, Қазақстан сынды тәуелсіз мемлекеттердің өндіріс көлемін арттыруы. Дәлел - 2008 жылдан бері жалғасып келе жатқан дағдарыс. 

Салдарынан осындағы 13 мемлекет ұпайынан ұтылып отыр. Мәселені шешпек болып мемлекет басшылары өткен жылдың қарашасында Венада бас қосып, мұнай өндіру көлемін шектеу туралы келісім жасасты. Осыдан кейін мұнай бағасы 30% көтерілді. Енді алты айға жасалған осы келісімді тағы жарты жылға ұзарту мәселесі қайта көтеріліп жатыр. Бұған ұйымның төрт көзі түгел мүдделі. Сарапшының сөзіне сенсек, ОПЕК келісімді ұзартуға бар күшін салады. Егер 25 мамырда өтетін кездесуде осы келісім тағы бекітілсе, нарықтағы сұраныс пен ұсыныс теңеліп, бір баррель мұнай бағасы жыл соңына дейін 60 долларға жетуі бек мүмкін.

Американың әуселесі

АҚШ - әлемдегі ең ірі мұнай өндіруші әрі тұтынушы. Ресей мен ОПЕК-тің бас ауруы болып отырған да осы Америка. «Қара алтын» құнын көтеруге де басты кедергі. Мұнай өндірісін үздіксіз арттырып келеді. Бүгінде бұрғылау қондырғыларының санын 672-ге, бір тәулікте өндірілетін шикізатты 9,13 млн баррельге жеткізген. Қосымша мұнай қорлары ашылып, мөлшері 1982 жылғы есептерден асып түскен. Бір сөзбен айтқанда мұнай өндіретін барлық мемлекеттің бағы да, соры да Американың саясатына байланысты. Енді алпауыттардың «сарабдал саясаткер емес» деп көзге ілгісі келмеген Дональд Трамптың көңіл-күйіне алаңдаумен күні өткелі тұр.

P.S: Қазақстанды, Ресейді, АҚШ пен ОПЕК-ті айттық. Жеке-жеке түйінін тарқаттық. Біз айтпаған бір ғана алпауыт бар, ол - Қытай. Мұнай бағасына қатысты ұпайы түгелі - осы көршіміз. Себебі Қытай нарығы - үлкен тұтынушы нарық. Қытай импорты - әлемдік мұнай бағасын қалыпқа келтіруде басты факторлардың бірі ретінде де саналады. Бүгінгі таңда экономикасы баяуласа да, «қара алтынды» арзанға алып, есебін түгендеп отырған жайы бар.