Мұнай мен теміржолды жемқорлық жайлап барады - баспасөзге шолу
***
Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстарының өңіраралық интеграция форумы ел экономикасын арттырып қана қоймай, серпінді жобалардың қанат жаюына ықпалын тигізбек. Бұл туралы «Егемен Қазақстанның» бүгінгі санында «Қуатты аймақтар - қуатты Қазақстан» деген тақырыппен берілген мақалада айтылады.
Басылымның жазуынша, Өскеменде жұма күні Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Серік Ахметовтің қатысуымен Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Павлодар облыстары өңіраралық интеграция форумы басталды. Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университеті жанындағы технопарктың атшаптырым көрме залында төрт облыстың өнеркәсіп орындары шығаратын тауарлар көрмесі ұйымдастырылды.
Премьер-Министр Серік Ахметов аймақаралық серіктестікті үйлестіру мәселелерін Өңірлік даму министрлігіне жүктеп, осындай форумдарды өзге облыстарда өткізуді тапсырды. Форумның пленарлық мәжілісіне дейін бірнеше бағыт бойынша секция жұмыстары жалғасып, 7 ұзақ мерзімді келісімшарт, 11 өзара серіктестік туралы меморандум, 4 ниет хаттамасы, үш облыстың жүйе құрушы компаниялары және отандық тауар өндірушілер арасындағы 15 ниет келісімдеріне қол қойылды. «Қуатты аймақтар - қуатты Қазақстан» атты өңіраралық интеграция форумы аясында облыстар кәсіпорындары «Қазақмыс», «Арселор Миттал Теміртау», «Казцинк» компаниялары 39 меморандумға қол қойды. Сонымен бірге, Шығыс Қазақстан, Алматы, Қарағанды, Павлодар облыстарының әкімдері өңірлер арасындағы интеграциялық байланысты кеңейту жөніндегі негіздемелік келісімдерге қол қойды. Форум қорытындысында төрт облыстың әкімі 20 миллиард теңгенің 40 келісімшартын жасасты.
Египет Араб Республикасына ресми сапары барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Мысыр мүфтиі шейх Шауқи Ибраһимнің қабылдауында болды. Бұл туралы «Егемен Қазақстанның» бүгінгі санындағы «Діни ахуал діндарлардың байыпты қадамымен өлшенеді» деген мақалада хабарланады.
Бас мүфтилер басқосуында екі елдің діни басқармалары арасындағы әріптестік байланысты жаңа деңгейге көтеру, тәжірибе алмасу дәстүрін жандандыру, діни ілімі терең, жаңаша ойлайтын, ұйымдастыру қабілеті жоғары іскер имамдарды дайындау мәселелері талқыланды.
Шейх Шауқи Ибраһим әйгілі Әл-Азһар университеті тек мысырлық ілім ізденушілерді ғана оқытпайтынын жеткізді. «Қазақстаннан келетін жастарға университетіміздің есігі әрдайым ашық. Біз оқу-ағарту, басқа да салалар бойынша қазақстандық жастарға қолдау көрсетуге дайынбыз», - деді Мысыр мүфтиі.
Ержан қажы Маямеров діни басқарма ХХІ ғасыр талабына сай дін кадрларын дайындап, діни саладағы қызметті дөңгелетіп әкететін жан-жақты ілімі толысқан әмбебап имамдар тобын қалыптастыруға аса мән беріп, осы бағытта нақты қадамдар жасап жатқанын баяндады. «Біз бүгінде имам-молдаларға үлкен жауапкершілік жүктелген заманда өмір сүріп отырмыз. Кез келген елдің діни ахуалы дін кадрларының байыпты қадамы мен байсалды іскерлігінсіз тұрақтанбайтыны тағы ақиқат», - деді ҚМДБ төрағасы Ержан қажы Малғажыұлы.
Басылымның жазуынша, Бас мүфти мысырлық әріптесін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды. Ол шақыру қабыл алынды.
***
Ағымдағы алты айдың өзінде еліміздегі ішкі істер органдары 1 мыңнан астам азаматты заңсыз қамауға алған. Сонымен бірге 343 адамға ешбір негізсіз іздеу жариялап жіберген. Бұл туралы «Айқын» газетінің бүгінгі санында «Мұнай мен теміржолды жемқорлық жайлап барады» деген мақалада берілген.
Газеттің жазуынша, биылғы жартыжылдық жұмыстарын қорытындылаған Бас прокуратураның алқа мәжілісінде осындай келеңсіздіктерді орнына келтірумен қатар, тиісті мерзім аралығында әлеуметтік-экономикалық салада 243 мың заң бұзушылық анықталып, 500 мыңнан астам азаматтың құқығы қорғалғаны турасында да айтылды.
Бейнеконференция арқылы барлық облысты қамтыған жиынға төрағалық еткен Бас Прокурор Асхат Дауылбаев құзырлы органның қызметіндегі жетістіктер мен кедергілерді де атады. Прокурорлар аталған мерзімде елімізде 12 мыңнан астам тексерулер жүргізіп, небір қитұрқы заңсыздықтардың бетін ашқан. Атап айтқанда, өмірдің өзекті саласындағы 243 заңсыздықтың өзі мемлекетке 24 млрд теңге залал келтірген. Қолында билігі бар мемлекеттік мекемелер қабылдаған 25 мың құқықтық актінің заңсыз деп танылуының өзі ел қазынасын қыруар шығынға батырғандығы даусыз. Небәрі алты айдың көлемінде прокурорлардың тікелей қатысуымен 452 қылмыстық іс қозғалып, 37 мың жауапты тұлға жазаға тартылып, 71 млрд теңгені бюджетке қайтару жөнінде талап қойылып отыр.
Қазір арзан жұмыс күшін пайдалану немесе тиісті ақысын төлемей кету де «сәнге» айналды. Елбасының өзі еңбек дауын ушықтырмай, мезгілінде шешу жайында қатаң тапсырса да, кейбір кәсіпорындар бұрынғы әдетінен танбай келеді. Мәселен, жарты жылда 65 мың жұмысшы осындай жағдайға ұшыраған. Ақырында құзыретті мекеменің ықпалы етуінен кейін ғана 4 млрд теңге төленіпті.
Әрине, жұмыс берушінің барлығын қаралауға болмайды, олардың арасында керек десеңіз түрлі тексеруші органдардың өзінен зәбір көріп жүргендері де жетерлік. Оны Бас прокуратура да жоққа шығармайды. Өйткені «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп «Бизнес тірегі» атты жоба ашқанда құқығы бұзылғандығын айтып, 17 мың бизнесмен шағымданыпты, оның 7 мыңы - биылдың еншісінде.
Басылымның жазуынша, қадағалаушы мекемеге артылған келесі маңызды міндеттің бірі - жемқорлықтың жолын кесу. Қазіргі кезде анықталған деректерге қарағанда, сыбайластықтың қордаланған ордасына мұнай мен теміржол жүйесі де айналып бара жатқанға ұқсайды. Дауылбаевтың мәліметінше, прокурорлар қабылдаған шаралардың нәтижесінде жер телімдерін мемлекет меншігіне қайтаруға, кен орындарынан мұнайды жаппай ұрлау схемаларын ашуға қол жеткізілді. Ал жер саласындағы алдау-арбау, жымқыру қашаннан бері жалғасып келе жатыр. Жер қатынастары саласындағы мемлекеттің мүддесін қорғау мәселелеріндегі прокурорлардың жұмысы көңіл көншітпейді. Мысалға, Маңғыстау облысындағы туристік кластер, энергетикалық хаб және «Ақтау-Сити» кешенін дамыту бойынша жобаларды жүзеге асыру көзделген жер телімдері жеке тұлғалардың қолына өтіп кеткен. Бірақ мемлекеттік органдар, соның ішінде прокуратура уақтылы шара қабылдамаған және заң бұзушылықтың жолын кеспеген. «Қысқасы, қала салатын жерді қалайша сатып жібергендігі турасында ешкімнің тексеріс жүргізбегендігіне қарағанда, сыбайластықтың сұлбасы «менмұндалайтындай», - делінген басылымда.
«Антарктикадағы Пайн-Айленд мұзартынан көлемі мың шаршы шақырымдай болатын үлкен мұз арал бөлініп шықты. Мыңдаған жылдар бойы құрлыққа жабысып, қатып тұрған қалың мұз қабаты қазір мұхит суында қалқып жүр. Ғалымдар бұл құбылыстың болатынын алдын ала есептеп, екі жыл бойы күткен екен», - деп жазады «Айқын» газеті «Антарктиданың алып аралдары теңізге кетіп жатыр» атты мақаласында.
Газеттің жазуынша, Пайн-Айленд Антарктикадағы ең үлкен шельфтік мұзарттардың бірі болып саналады. Жаңадан пайда болған айсберг мұхит суына жылжып түсіп жатқан осы мұзарттың шеткі бөлігі. Мұз қабаты қақ айырылып, екіге жарыла бастағанда-ақ ғалымдар оның түбінде бөлініп шығып, айсбергке айналатынына күмән келтірмеген. Мұзарттағы жарылған жердің сызаты ұлғайып, бір шетінен екінші шетіне жеткенін алғаш неміс спутниктері анықтаған болатын. Қазір Антарктикада полярлық қыс. Соған қарамастан материктен бөлініп шыққан мұз аралдың көлемін радармен жабдықталған арнайы құралдардың көмегімен, сканер арқылы анықтауға болады. Бөлініп шыққан айсбергтің көлемін ғалымдар шамамен 720 шаршы шақырым деп отыр. Мұндай аумаққа Мәскеу сияқты 18 млн халқы бар ірі қаланы орналастыруға болады.
BBC ақпараты бойынша, Германиядағы Альфред Вегенер институтының профессоры Ангелика Хумберт мұз арал 2012 жылы құрлықтан бөлініп шығады деп жариялған. Алайда ғалымдарды бірнеше айда пайда болатын айсберг екі жылға жуық күттіріпті. Енді олар айсбергтің шығанақтан ашық мұхитқа шығатын уақытын есептеп бастарын қатыруда. Оған көп уақыт кетпейді, қатты толқындар болса айсбергті шығанақтан алып шығады. Содан кейін ол экваторға қарай қозғалатын болса, онда мұзтау еріп, жоқ болғанша нейтралды суларда жүрген кемелерге үлкен қатер болмақ.
Мұндай алып айсбергтер Антарктиданың шельфтік мұзарттарынан 6-10 жылдың ішінде бір рет бөлініп отырады екен. Соңғы рет осындай ірі мұз аралдар 2007 және 2001 жылдары бөлініп мұхитқа қарай кеткен. Осыдан 12 жыл бұрын бөлінген айсбергтің көлемі 11 мың шаршы шақырым болған. Ол бірнеше жыл бойы оңтүстік жартышар суларында қалқып жүріп, ақырындап еріп суға айналған. Қазір әлемдік мұхиттардағы судың көтеріліп келе жатқаны осы айсбергтердің мәңгілік мұздақтардан бөлініп жатқандығынан болуы мүмкін. Бірақ ғалымдар бұл құбылысты жаһандық климаттың өзгеруімен байланыстырғысы келмейді.
Шымкенттегі 130 жылдық тарихы бар «Химфарм» АҚ Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында бірнеше цех іске қосылды. Кәсіпорын алдағы уақытта әлі де бірқатар ауқымды жобаларды іске қоспақшы. «Айқынның» жазуынша, қазір аталған мекеме «Санто» сауда маркасымен өнім шығаруда. Ол осыдан біршама уақыт бұрын әлемдегі фармацевтика нарығында өзіндік орны бар «Полфарм» компаниясының тобына енген болатын. - «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен жасалған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының іске асырылу деңгейі бізде жоғары деп айта аламын. Компаниямыз алдағы жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама жасаған. Ол республика бойынша әзірленген бағдарламаға енді. Соның аясында ампулалық-инфузиялық жоба іске асырылды. Антибиотиктер шығару одан әрі дамыды. Антибиотиктердің қуаттылаулары шығарыла бастады. 2-3 түрлі жаңа антибиотиктер дайындау жолға қойылды. Дәрі-дәрмектердің қатты түрлерін көбірек өндіруге кірістік. Сироп түрінде шығарылған емдік дәрілерді көбейттік, - дейді «Химфарм» АҚ бас директоры Владимир Грыглеевич. - Фармацевтикалық кәсіпорын үшін зертханалардың маңызы үлкен. Инвестициялық бағдарлама аясында қосымша инфрақұрылымдар ретке келтірілді. Мысалы, электр жүйесі жаңартылды. Суды дайындау осы жүйемен іске асырыла бастады. Жылу жүйесі жаңарып, іске қосылды.
«Санто» сауда белгісімен өнім шығарып, халықаралық GMP сапа стандарттарын енгізіп жатқан республикадағы ең ірі фармацевтикалық компанияда ҮИИДМБ аясында алдағы күзде тағы бір жаңа цех пайдалануға тапсырылмақшы. «Соңғы инвестициялық жобаларды әрі кеткенде 2015 жылға дейін аяқтаймыз», дейді кәсіпорын басшылары. «Химфарм» толық жаңарғанға дейінгі барлық инвестициялық жобалардың жалпы құны 10,3 миллиард теңгені құрамақшы.