Мұнай министрі жыл соңына және келер жылдың бірінші тоқсанына дейін бензин бағасы құбылмайтынын болжайды

АСТАНА. 13 қараша. ҚазАқпарат - Ағымдағы жыл соңына дейін және келесі жылдың бірінші тоқсанына дейін еліміздегі мұнай өнімдерінің бағасы қалыпта болатыны болжанады. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин мәлім етті.
None
None

Тоқтала кететін жайт, талқылау барысында депутат Шавхат Өтемісов сайлаушылар тарапынан бензин бағасының көтерілуіне алаңдаушылық туып отырғанын айтып, халық үшін жанармай бағасының тұрақтылығы барынша маңызды болып отырғанын алға тартқан болатын. Өйткені, бензин бағасына барлық баға қалыптастырушылар тәуелді.

Өз кезегінде министр Ұзақбай Қарабалин қазіргі уақытта елімізде бензинді орташа жылдық тұтыну (АЙ-92-93) 2,6 млн тоннаны құрайтынын, оның 30 пайызы ресейлік импортпен жабылатынын алға тартты. Оның айтуынша, аталған маркалардың Ресейдегі бөлшек саудадағы бағасы Қазақстанға қарағанда литріне 30 теңгеге немесе 20 пайызға артық.

«Жанармайға бағаның күрт артып кетпеуін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік реттеу тетіктері енгізілген. Тоқтала кететін жайт, жыл бойына мұнайдың әлемдік бағасы, оның ішінде жанармайдың теміржолмен тасымалдауына баға қымбаттауына қарамастан Қазақстандағы бензин бағасы тұрақты болды. АЙ-80 мен дизелдік отын бағасы бұрынғы қалыпта ұсталды. Егер 2014 жылғы бағаларға келсек, Табиғи монополияларды реттеу агенттігі мен Мұнай және газ министрлігі ай сайынғы мониторинг жұмыстарын жалғастыратын болады. Егер мұнайға баға құбылатын болса, онда ішкі баға да бекітілген ережелерге сәйкес түзетіледі. Сонымен қатар жыл соңына дейін мұнай өнімдеріне бағаның көтерілуі болжанбайды. Бұндай болжам алдағы жылдың бірінші тоқсанына дейін сақталады деп ойлаймыз», - деді министр Ұ. Қарабалин.

Соңғы жаңалықтар