Мұнай өңдеу қуаты 40 млн тоннаға дейін артады

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан мұнай өңдеуді дамытуды күшейтуде: қуаттарды жылына 40 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. 

мұнай қоймалар
Фото: Kazinform

Мұнай-газ саласы қызметкерлері күні қарсаңында мұнай-газ саласының дамуы мен болашағына тоқталып өткен жөн. Қазақстан мұнай өңдеу саласын дамытуды кезең-кезеңімен күшейтіп, мұнай өңдеу көлемін ұлғайтуға, мұнай өнімдерін өндіруді кеңейтуге және қосылған құны жоғары өнімдер шығаруды дамытуға бағыт алып отыр.

2024 жылы елімізде мұнай өңдеу көлемі 18,3 млн тоннаны құрап, жоспарлы көрсеткіштен 2,23%-ға асып түсті, ал мұнай өнімдерін өндіру көлемі 14,75 млн тоннаға жетті. 2025 жылы мұнай өңдеу көлемі 18,4 млн тоннаға дейін ұлғайып, жоспардан 4,5%-ға жоғары болды. Мұнай өнімдерін өндіру 15,47 млн тонна, жоспарлы көрсеткіштен 6,3%-ға асты. 2026 жылы 15,49 млн тонна мұнай өнімін өндіру жоспарланып отыр.

Саланы одан әрі дамыту мақсатында Үкімет 2025–2040 жылдарға арналған мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасын бекітті. Құжаттың негізгі міндеті – мұнай өңдеу қуаттарын едәуір арттыру және қолданыстағы мұнай өңдеу зауыттарының тиімділігін жоғарылату.

Тұжырымдама аясында жұмыс істеп тұрған МӨЗ-дерді кеңейту көзделген. Нәтижесінде олардың мұнай өңдеу бойынша жиынтық қуаты жылына 18 млн тоннадан 29 млн тоннаға дейін ұлғайтылады. Бұдан бөлек, қуаты жылына 10 млн тонна болатын жаңа ірі мұнай өңдеу зауытын салу жоспарланып отыр. Осылайша, еліміздің мұнай өңдеу бойынша жиынтық қуатын жылына 40 млн тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Сонымен қатар мұнайды өңдеу тереңдігін 89%-дан 94%-ға дейін арттыру, мотор отындарын өндіру көлемін ұлғайту және мұнай-химия саласын одан әрі дамыту жоспарлануда. Сондай-ақ мұнай өнімдерінің сапасын экологиялық К4 стандартынан К5+ стандартына дейін кезең-кезеңімен арттыру көзделген.

Аталған жобаларды іске асыру Қазақстанға мұнай өңдеу көлемін едәуір арттыруға ғана емес, отандық шикізатты тиімді пайдалануға, мұнай өнімдерінің ассортименті мен өндіріс көлемін кеңейтуге, жекелеген өнім түрлері бойынша сыртқы жеткізілімдерге тәуелділікті азайтуға және мұнай-химия саласын одан әрі дамытуға жаңа мүмкіндіктер жасауға мүмкіндік береді.

Осылайша, мұнай өңдеуді дамыту Қазақстанның мұнай-газ саласын трансформациялаудың негізгі бағыттарының бірі. Бұл ретте басымдық негізінен шикізаттық модельден толық өндірістік цикл қалыптастыруға және қосылған құны жоғары өнімдер шығаруды ұлғайтуға ауысуға беріледі.

Айта кетелік әлемдік нарықта мұнай бағасы қымбаттап келеді