Мұнай өңдеу тереңдігі 90%-ға жетті

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда мұнай өңдеу тереңдігін ұлғайту жөніндегі жүйелі жұмыс жалғасып жатыр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша елдегі үш мұнай өңдеу зауытында мұнай өңдеудің орташа тереңдігі 87,4%-дан 90%-ға дейін артты.

Атырау мұнай өңдеу зауыты
Фото: Атырау мұнай өңдеу зауыты

Атап айтқанда:

• Атырау МӨЗ – 85%-дан 88%-ға дейін;

• Шымкент МӨЗ – 86%-дан 88%-ға дейін;

• Павлодар мұнай-химия зауыты – 91%-дан 94%-ға дейін.

Энергетика министрлігі мәліметінше, көрсеткіштердің өсуі ашық мұнай өнімдерінің үлесін 70–79%-дан 75–81%-ға дейін ұлғайту есебінен, сондай-ақ Павлодар МХЗ-де битум өндірісін 366 мың тоннадан 426 мың тоннаға дейін арттыру арқылы қамтамасыз етілді.

2025 жылы 2024 жылмен салыстырғанда негізгі мұнай өнімдері өндірісінің өсімі тіркелді:

• автобензиндер – 5,7 млн тонна (107%);

• дизель отыны – 6,1 млн тонна (116%).

Мұнай өңдеу тереңдігін 94%-ға дейін одан әрі арттыру мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту және олардың қуатын кеңейту есебінен жоспарланып отыр.

Бұған дейін 2026 жылы мұнай бағасы қандай болатынын жазған едік.