Мұнай өнімдеріне мемлекеттік бақылауды күшейту мәселелеріне қатысты заң жобасы екінші оқылымға дайын

АСТАНА. Мамырдың 18-і. ҚазАқпарат - Мұнай өнімдеріне мемлекеттік бақылауды күшейту мәселелеріне қатысты заң жобасы екінші оқылымға дайын. Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті осындай қорытынды шығарды.

Мұнай өнімдеріне мемлекеттік бақылауды  күшейту  мәселелеріне  қатысты заң жобасы екінші оқылымға дайын

Салыстырма кестеге 16 түзету енгізілген. Аталған заң жобасы ертең, мамырдың 19-ы күні, Мәжілістің жалпы отырысында екінші оқылымда талқыға салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мұнай және мұнай өнімдерінің айналымы саласында мемлекеттік бақылауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңжобасы магистралдық мұнай құбыржолдарына санкциясыз сұғына қосылу жолымен жүзеге асырылатын мұнай ұрлауға қарсы күрес мақсатында әзірленген.Бұл заң жобасына Мәжіліс депутаттары Валерий Котович, Ерлан Нығматулин, Владимир Нехорошев және Болат Қонарбай бастамашы болған.

Бастамашы депутаттардың мәлімдеуінше, мұнай тасымалдау компанияларының магистралдық мұнай құбыржолдарының күзетін күшейту шараларын қолданғанына қарамастан, жағдай нашарлай түсуде. Қолда бар мәліметтерге қарағанда мұнайдың заңсыз айналымы саласында тұрақты ұйымдасқан қылмыстық топтар қалыптасқан. Олардың өткізу арналары, сұғына қосылуды және оны бүркемелеуді жүзеге асыратын, мұнайды ағызу (құю) және оны автомобиль көлігімен тасымалдау жөніндегі мамандары бар. Осыған байланысты заң жобасында мұнайды заңсыз тасымалдау, сатып алу, өткізу, сақтау, қайта өңдеу үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік белгілеу, сондай-ақ мұнай-газ құбыржолдарынан мұнайды ұрлағаны, қылмыстық жолмен алынған мұнайды сатып алғаны және өткізгені үшін қылмыстық жауапкершілікті қатандату ұсынылған.

Заң жобасын қабылдау мұнай өнімдерін қауіпсіз тасымалдауға жағдай жасауға және Қазақстанның мұнай беруші ретіндегі тұрақты беделін сақтауға мүмкіндік береді, сондай-ақ ол еліміздің экологиялық салауатына ықпал етеді.