Мұнайдың бағасы қашанға дейін құлдырайды? - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 12 ақпан, бейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
***
Әлемдік экономикадағы қиындықтардың темір құрсауынан құтылар күн талайға арман болып тұр. Қабылданған шешімдер, қолға алынған бағдарламалар, ұтымды ұсыныстар, батыл бастамалар күрделі ахуалды оңтайландыруға жол ашар емес, деп жазады « Егемен Қазақстан » бүгінгі санындағы « Әбігерге түскен әлем » атты мақаласында.
Мақала авторының атап өтуінше, уақыт өткен сайын сөз бен істің арасы алшақтап барады. Басқаны былай қойғанда, АҚШ пен Еуроодақ елдерінің әрекетсіздігі әлемді әрі-сәрі күй кештіруде. Соңғы уақытта АҚШ-тың бірқатар ірі кәсіпорындары шығынға батып, амалсыздан жұмысшыларын барынша қысқартуда. Еуроаймақтың кейбір мемлекеттеріндегі жағдайлар, тіпті, бақылаудан шығып бара жатқандай. Бұл елдердің ішінде, әсіресе, Италияның халі мүшкіл. Сондай-ақ, жағдайы біршама тәуір деп есептелініп жүрген Германияда да қордаланған мәселелердің шеті көріне бастады.
***
Бүкіл әлемді қазір «қара алтынның» бағасы алаңдатып отырғаны анық. Бірақ сенім жоқ. Ғаламдық дағдарыс көп елдің экономикасына әсер етіп барады. Бірақ баға қашанға дейін төмен түспек? Бұл сұраққа « Айқын » газеті « Мұнайдың бағасы қашанға дейін құлдырайды? » деген мақалада жауап іздеп көрді.
Басылымның жазуынша, халықаралық энергетика агенттігінің дерегіне қарағанда, «баға енді құлдырай бермейді, ол өзінің соңғы кезеңіне жақындап қалды, содан кейін оның құлдырауы тоқтайды».
Үстіміздегі жылдың ортасынан бастап, баға аздап көтеріле бастауы мүмкін, ал күрт артуы 2016 жылдан бастау алмақ. Бірақ қаншалықты ақиқат, ол жағы әлі мәлімсіз. Қазір болжам көп айтылғанымен, бәрі де шындыққа сәйкес келе бермейді. Тек нарықтың жай-жапсары мен даму барысын күтуден, бақылаудан басқа амал жоқ.
Сарапшылардың айтуына қарағанда, мұнай бағасының төмендеуі нарықтық экономикаға әлі де өз әсерін тигізе береді, тек 2016 жылдың соңына қарай жағдайдың тұрақталуына қатысты баға саясатында жағымды процесс орын алады.
Алайда Халықаралық энергетика агенттігінің мамандары баға бұрынғы деңгейіне қайта оралмайды деп отыр. Мұнайдың бағасы 2020 жылға дейін көтеріліп, мұнайдың бір баррелі 73 долларға дейін барады. Мұның себебі неде? Сарапшылар мұны мұнай шикізатына сұраныстың азаюы мен әлемдік экономиканың әлсіз дамуымен байланыстырып отыр.
Бірақ пікірлер әртұрлі, Citigroup агенттігінің сарапшылары мұнай бағасының сәл көтерілуі уақытша құбылыс, жақын уақыттарда мұнайдың WTI түрінің бағасы 20 долларға жетеді деп отыр.
Ұлттық анимацияның кенжелеп дамуы, соңғы жылдары түсірілген анимациялық фильмдердегі кемшіліктер, мультипликатор мамандардың болмауы - бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналған. Әмен Қайдаров негізін қалаған мектеп қайда? Ұлттық анимация саласында ілгерілеу бар ма? деген сауалдарға « Айқын » газетіне сұхбат берген белгілі режиссер-мультипликатор Қайырғали Қасымов жауап берді.
Кеңес Үкіметі кезінде «Қазақфильм» киностудиясының ұлттық анимациялық жеке бірлестігі болды. Сол бірлестік қазақ мультфильмдерінің жарық көруіне мүмкіндік берді. Қазір ұлттық анимация екіге жарылғандай: Алматы қалалық тіл басқармасының дайындап, көрерменге ұсынып отырған анимациялық фильмдері бір бөлек те, «Қазақфильм» киностудиясы ұсынып отырған өнімдері бір бөлек. Тіл басқармасының өнімдерін Артур Краус түсіріп жүр. Сценарий авторы да өзі, режиссері де өзі. «Алдаркөсені» түсірді, қазір батырлар жырына көшті. «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр» туралы анимациялық фильмдер түсіруде. Бұл жерде түсірушілердің кінәсі емес. Тек бір өкініштісі, ұлттық фольклордың негізгі бейнесі ретінде «Алдаркөсені» жасағаны ғана өкініш тудырады. Алдаркөсе қандай образ? Ол соншалықты айлакер ме, алаяқ па? Артур Краустың ұлттық фольклордан нақты хабары болмауы да мүмкін. «Қазақфильм» киностудиясы ұсынып отырған анимациялық фильмдерге де көңіліміз толмайтыны рас», - дейді ол.
Оның айтуынша, жекеменшік студияларға кінә қоюға болмайды. Екіншіден, олар мультипликация саласын өз бетінше үйренді. Суретті қалай қимылдатуды, мультипликацияның қалай жүзеге асырылуын өздері меңгерді. Олар ең бірінші рет «Алдаркөсені» түсірді. Олардың анимациялық фильмдерін ел арасында көрсетуге әбден болады. Ал әлемдік деңгейге шығу үшін оларға көп ізденістер жасауы керек. Әлемдік деңгейге шығара алатын ұлттық мультфильмдерді «Қазақфильм» киностудиясында түсіруге болады. Өйткені онда негізгі база бар.
***
Рочертер университетінің ғалымдары компьютерге әлеуметтік желілерде отырған адамдардың көңіл күйін анықтауды «үйретті». Бұл туралы «Казахстанская правда» газеті жазып отыр.
Авторлардың айтуынша, қолданушылардың көңіл-күйін анықтау үшін қазір олар жазған мәтіндерді сараптаудың қажеті шамалы. Қазір көптеген адамдар өздерінің көңіл-күйін фотосуреттер емесе компьютердегі анимациялық суреттер арқылы білдіреді. Сондықтан ғалымдар әлеуметтанушыларға ендігі жерде сол суреттерге басты назар аударуды ұсынады.
Ойлап табылған алгоритм компьютерге салынған суреттердегі эмоцияларды анықтауға мүмкіндік береді. Сынақ көрсеткендей, компьютер суреттердегі эмоцияны бірнеше адамдардан гөрі жақсырақ анықтайтыны белгілі болды.
Мақала «Ученые «научили»компьютер оценивать человеческие эмоции» деген тақырыппен беріліп отыр.