Мұнайлы ауданында мектеп тапшы

АСТАНА. Ақпанның 26-сы. ҚазАқпарат /Айдын Бәймен/ - Кеше Мәжіліс депутаты Зейнолла Алшымбаев ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаевқа жолдаған сауалында Маңғыстау өңірінде мектептердің жетіспеушілігін айта келіп, аталған сала басшысының бұл мәселеге ерекше назар аударын өтінді,
None
None
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Депутат жуырда Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданында кездесулер өткізген кезде, сол өңірдің ең басты әлеуметтік мәселесі мектептің аздығы болып отырғанын естіп-білгенін мәлім етті. Мұнайлы ауданында оқушылар мектепке симай, үш ауысымда оқуда. «Аталған ауданның Басқұдық, Атамекен секілді бірқатар ауылдарында халық саны көп болса да, мектеп жоқ болғандықтан балалар Ақтау қаласына қатынап оқиды. Үш жылдық бюджетке Дәулет селосынан 960 орындық, Басқұдық селосынан 960 орындық, Маңғыстау-5 елді мекенінен 960 орындық, Қызылтөбе-2 елді мекенінен 960 орындық мектептер салу туралы жобалық-сметалық құжаттары жасақталып, ұсынылған. Атамекен селосына «Аджип» ККО компаниясы 640 орындық мектеп салып беруге келісім берген, бірақ іс жүрмей жатыр. Жағдай қанша өткір тұрса да, соңғы үш жылдық бюджетті жоспарлағанда Мұнайлы ауданында бір де бір мектеп салу қарастырылмаған», - деп депутат З.Алшымбаев көкейкесті мәселені көтерді.Депутат Білім және ғылым министріне алдағы уақытта бюджетті нақтылау кезінде Мұнайлы ауданында мектептер салу мүмкіншілігін қарастыруды өтінді. Өйткені Мұнайлының жақында ашылған аудан екендігін, ол ауданға көшіп келушілердің негізінен Отанға оралған қандастарымыз екендігін ескеру қажеттігін атап өтті.
Соңғы жаңалықтар