«Мұнайшы» қоғамдық қорының құрылғанына 5 жыл толды

АҚТАУ. Сәуірдің 3-і. ҚазАқпарат /Жетібай Шаханұлы/ - Биыл Н.Ә. Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоғамдық қорының құрылғанына 5 жыл толды. Мұнай көзін тауып, осы салада ұзақ жыл еңбек еткен ардагер мұнайшы, геолог, геофизиктерге қолдау көрсету мақсатында 2004 жылы құрылған қор отандық мұнай компанияларының қаржылық демеуімен қайырымдылық шараларын өткізіп келеді,

«Мұнайшы» қоғамдық қорының құрылғанына 5 жыл толды
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Аталмыш қордың негізін танымал ел ағалары Асқар Құлыбаев, Нәсіпқали Марабаев және Орал Ақшұлақов қалаған. Қорға «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ материалдық қолдау көрсетіп келеді. Қордың назарына алынған, көмекке зәру жандарға ай сайын 7 мен 12 мың теңге көлемінде үстемеақыға қоса, мерейтой, ақырғы сапарға аттандыру шараларына да бір реттік қаржы беріледі. Сондай-ақ олар еліміздің белгілі емдеу-сауықтыру орындарына тегін жолдама алып, жыл сайын 20-25 маңғыстаулық мұнайшы-ардагер қазақстандық басылымдарға тегін жазылады. Еліміздің мұнай саласы тарихындағы алғашқы мұнайшыларды мәңгі есте сақтап, есімдерін келер ұрпаққа жеткізу үшін шығарылған Қазақстанның мұнай энциклопедиясы да осы қордың бастамасымен жарық көрген. Онда 1909 жылдан бастап бүгінге дейін Қазақстанның мұнай өндірісінің негізін қаласқан 2500-ден астам мұнайшының өмірбаяны жазылған. Осы энциклопедияның жаңарған, тың мәліметтермен толықтырылған тағы бір сериясын шығару жоспарлануда. Қор жетекшісі, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, марқұм Н.Марабаевтың бастамасымен Орал, Ақтөбе, Атырау және Ақтау қалаларында мұнайшылардың даңқ аллеясы ашылған. Осы жақсы үрдіс жалғасын тауып, биыл осындай аллея Жаңаөзен қаласында да ірге көтермек.