Мүсірепов жазған Торсан болыс Ақтас пен Байтұрсынның еркіндік алуына қалай ықпал етті
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ахмет Байтұрсынұлының туған күні қарсаңында бұл деректі бізге айтқан – Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы, ахметтанушы, Үмбетей руының шежірешісі Ибрагим Ағытаев. Арқауы жалқы, баяндауы жалпы болып ұшырасатын Ақтас пен Байтұрсынның хикаясын осы адамның өз аузынан беруді жөн көрдік. Ондағы мақсат – Байтұрсын әулетінің отаршылдарға қарсы күресі Ахметтен бұрын басталғанын тағы бір еске салу. Ахмет Байтұрсынұлы туралы әңгіме бола қалса, текті әулеттің алтын арқауы Ахметтен кейін үзіліп қалғаны, бас көтеріп, баба мұрасын түгендейтін мирасқордың азайып кеткені туралы өкінішке толы күрсіністер жиі айтылатынын байқадық. Сол өкініштер ертең жазғыруларға ұласпас үшін текті әулеттің тауқыметті тарихынан бір үзік сыр ұсынып отырмыз.
Айдауда жүріп ат баптаған Ақтас
Торғай ішіндегі қазақтардың арасында да жер мен жесір, мал мен барымта дауы болып тұрған. Арғынның ішіндегі Шақшақтан бірнеше ата тарайды. Үмбетей жеке бөлініп, болыстыққа шыққысы келеді. Оған Шеген дейтін әулет қарсы болған. Бұл өзі дәулетті, Торғайдың түбінде орныққан әулет екен. Соны пайдаланып үмбетейлердің әрекетіне тосқауыл болады. Оның үстіне Шақшақтың алты баласының бірі – Көшейден тарайтын Аюдың күйеуі өлген қызына бас еркіндігін бермеген ыңғайсыз дау туындайды. Болыстыққа шығармауына қыз намысы қосылып кикілжің үдейді. Шеген әулетінің Торғайда тұратын Дәуітбай дейтін әйдіктері Үмбетейдің бетке ұстар азаматтарын уезге көрсете бастайды. Ондағы мақсат – негізгі бас көтерер Байтұрсын мен Ақтасты бағындыру. Торғай қазақтары Жітіқараны басып, Жайықтың жоғарғы тұсына дейін жайлайтын. Қарашада күзем алып барып, Торғайға қыстайды. Қыс қатты болатын жылдары Торғайдан өтіп, Сыр бойына, Қаратауға дейін келеді.
Сондай қатты қыстың бірінде шегендер Үмбетейдің көшін тоқтатып, кейін қайтыңдар деп ерегіседі. Шатақ содан басталады. Осы дауға май құйып жүрген Торғай уезінің бастығы Я.Яковлев соққыға жығылады. 1885 жылы бір әкеден туған Ақтас, Байтұрсын, Сабалақ, Ерғазы сол шатақтан кейін ұсталады. Жанжалға қатысқан тағы 5-6 ағайынды жігіт бар, оншақты адамды Торғайға әкеп қамайды. Қалғандарын кейін босатып, Ақтас, Байтұрсын, Сабалақ Шошақовтар Троицк (Күйген қала) аймақтық сотының шешімімен 17 жылға сотталып, Иркутскі маңына Сібірге айдалады
Босап шыққан Ерғазы Торғайдан 300 шақырымдай жерде жатқан Шалқарға Ырғыз арқылы атпен жетіп, пошта салады. Солай жағалай қатынап, ізденіп жүргенде Ерғазы да қайтыс болады. Шалдардың айтысы бойынша, жолда үзеңгісіне у жағып, содан қайтқан екен. Жоқтаушы Ерғазы қайтыс болып, үшеуі айдалып кетеді. Ақтастың үйіндегі Үбіжан деген шешеміз күйеуімен бірге еріп шығады. Бұлар Иркутскі маңындағы Нерчинская каторгасы, Акатуйск зауытында болады. Сабалақтың жолда атылғаны белгілі. Айдауылдардың оғынан өлген деседі. Бірақ нақты қандай жағдайда, қалай атылғанын әлі күнге дейін ешкім дөп басып айта алмайды.
Шалдардың айтуы бойынша, Сабалақ Ақтас пен Байтұрсынға айдауылдарды өлтіріп қашуды ұсынған деседі. Ағалары оны құп алмайды. Олар қашып құтылғанмен, кесірлері арттағы елге тиетін еді. Содан өзі жалғыз қашуға ыңғайланып, оққа ұшты деп айтылады. Шалдар айтты дегенде, бірге болған адам жоқ. Оларға да ұзынқұлақтан жеткен там-тұм әңгімелер ғой. Нақты дерегі болмаған соң дәл солай болды деуге және болмайды.
Байтұрсының ағасы Ақтас деген кісі әңгімешіл, шежіре кеуде, қолы шебер, ісмер болған екен. Айдауда жүргеннің өзінде аң аулап, терісінен тон пішетін көрінеді. Айдауда болғанда да жеке пәтер жалдап тұрған. Үбіжан шешеміз Ақтас әкелген аңның терісін илеп, екеуі киім тігіп сатады екен. Соның арқасында өздерін ғана емес, ниеті түзу талай жанды асырайды. Ақтас сол жақта тобышақ тұқымды жүйрікті баптап мініпті. Әлгі атты Көктің ұлы дейтін түрікмен бір күнге сұрап мініп, бірнеше бұлан атып әкелген деседі. Сол түрікмен айдауда жүргенде Ақтас пен Байтұрсыннан көрген жақсылығын кейін қайтарады. 1901 жылы бәрі айдаудан келген соң еліне барып, бір үйір жылқы айдап әкеп, сыйға тартады. Ақтастың елден жиып берген қарымтасын алмай кетеді. «Елдеріңді көрдім, жерлеріңді көрдім. Жол-жөнекей жолыққан бір үйірді айдап апарып, өз еліме Ақтас сыйлады десем болды ғой», - деген екен.
Торсанның мырзалығы
Ақтас пен Байтұрсын айдаудан келген соң да дүние мен беделден кенде болмайды. Тек Ірбіттен қайтарда жазасын өтеп шыққаны туралы қағазды құнттамаған екен. Сотталу мерзімі аяқталар шақта Үбіжан анамыз науқастан қайтып, жат жерде бақилық болды. Жат топырақта көмілген жары, бауырдың өкінішті қайғылары жүйкелеткен де шығар. Бәле іздеушілер оны да қоңырсыта бастайды.
Сол құжатты реттеуге Ғабит Мүсіреповтің Ұлпан романына арқау болған Торсан септігін тигізеді. Баратын жер алыс, жұмыс құпия реттелуі керек. Ақыры ақылдаса келіп, «Мүлік баласы Тасқарадан басқаның реті жоқ» деген шешім шығады.
Біріншіден, Қорған, Троискіге, Қызылжарға дейінгі жердің біразында болып, талай тойларда жүлделі палуан атанған, атақты «Тасқара тартыс» деген әдісімен мәлім, еті тірі азамат еді. Оның үстіне сыр сақтағыш, сенімді, ел жанды, өр намыс иесі. Ол кісі 1970 жылдарға дейін өмір сүрді. Өзім де көзіммен көрдім. Бірақ ол кезде бұл жайттарды сұраудың реті болмаған еді.
Тасқараны сапарға аттандыру жиынын көрген шалдармен былтыр ғана сөйлестім. Ғабит Мүсірепов жазатын Керейдің әйдік Есенейі мен Ұлпаннан туған жалғыз қыз Біжікеннің күйеуі Уақ рулы Торсан Тілемісұлының туыстарымен тілдестім. Сол Торсанның бедел-пәрмені туралы Ақтас айдауда жүріп-ақ естіген. Тасқара осы Торсанды салып жүріп, Иркутскіден Ақтас пен Байтұрсынның жазасын толық өтегені туралы қағаз алып келеді.
Жолаушы жайын толық тыңдап, қаныққан Торсан болыс қызметшілеріне монша жақтырып, арғын жігітін де, мінген атын да жеке күтімге алдырады.
Кесімді жауапты Тасқара екі жұмаға тақау тағатсыздана күтеді. Торсан болыс куәлік қағазды алып бере отырып, Ақтас пен Байтұрсындай екі арыс үшін жасаған қызметінің ешбір ақысыз кісілік, елдік қалыппен атқарылғанын баян етіп, Тасқараны басынан аяғына дейін киіндіріп, қосарына ат байлап аттандырады. Ай жарым жүріп, ардақтыларын арашалап, азамат жолын абыроймен өтеген атамыз Тасқара Мүлікұлының ұрпаққа өнеге болып, бүгінге дейін ұмытылмай жеткен ерлігінің бір парасы осындай.
Үмбетейден жеткен ұлы жол
Осы қағаз келген соң ғана Ақтас пен Байтұрсынды көрсету саябырлайды. Кейін Ахмет атамыз бірнеше рет істі болып, ақыры ату жазасына кесілді. Одан кейін де Байтұрсын әулеті қуғыннан көз ашқан жоқ. Ахмет Байтұрсынұлы өз қолымен жазған өмірдерегінде Қази-хан, Әумет, Шолпан деген үш баласы бар екенін жазады. Мен шежіреге өзіне тән етіп асырап алған баласы Шолпанды ғана кіргіздім. Қазір Шолпанның баласы Айман сексеннің алтауына келді. Әкесі қанжығалы руынан шыққан.
1934 жылы Шолпан Ахмет түрмеден келген соң әкесін үйіне паналатады. Сол үшін күйеуі де сотталған. Шолпанның өзі кешегі 1975 жылға дейін аңдуда жүрді. Ахмет атамыз Әумет, Қази, Шолпан үшеуін қолтығының астына алып, Орынборда оқытқан. Әумет пен Қазидың тағдыры тіптен аянышты. Екеуі де Ахмет әкелерінің жолын жалғап ұстаздық ете бастайды. Тек біреуі ауырып, біреуі аштықта Торғайға жете алмай қайтқан. Кейбіреулер оны ауыл белсенділері атқа сүйретіп өлтірді деп жүр. Ол нақақ сөз. Ел ішінде сұмдықтың неше түрі болса да, дәл ондай жауыздыққа бара қоймаған. Оның үстіне бәрі ілік-шатыс, алақандай ауыл.
1971 жылы мен аудандық партия комитетіне нұсқаушы болып алындым. Аштықтан кейін біздің үмбетейден аудандық машстабтағы лауазымға іліккен алғашқы кадр мен екенмін. Үмбетейлерге деген қысастықтың қаншалықты болғанын осыдан-ақ көруге болады. Маған дейін Қарпықтың Қазгелдісі дейтін әкеміз аудандық ауылшаруашылығы бөлімінде бастық болып тұрып, домалақ арызбен сотталған. 1921-22 жылғы аштықта Жүсіпбек Аймауытұлы Семейден осы жаққа мал айдап әкеледі. Сол малды бөліске дұрыс салмады деген көрсету бойынша сотталады. Ақтас пен Байтұрсынның, кейінгі Ахметтің елге еткен еңбегінің руластарына осындай көлеңкесі түсіп жатты.
Бірақ бұл отарлауға қарсы күрес солардан басталды деген сөз емес. Үмбетей бабамыздың өзі Пугачев көтерілісіне қол апарған. Оған дейін шақшақ Жәнібектің шабуыл туын ұстаған. Жәнібек бабамыз кіші жүз ханы Әбілхайырдың қол астында болған. Әбілхайырдың уысындағы елді орыс қарамағына қарату туралы құжатқа қол қою үшін Жәнібек бастаған делегация Орскіге барады. Сол тізімдегі 260 адамның ішінде Үмбетей батыр тоғызыншы болып жазылған екен. Сөйткен бабамыз кейін Жәнібектің баласы Дәуітбаймен бірге Пугачевке қол апарып, қазақтар Бағаналы деп атаған Звериноголовск қамалына шабуыл жасайды. Ол шабуылда Үмбетейдің Аралбай, Жиембай деген екі баласы оққа ұшады. Аралбайдан Ахметтер тараған. Ал Байтұрсынның әкесі Шошақ 17 рет билер сотына тартылған. Ол туралы «Текті Торғай» деген деректі мақалада айтылған. Кіші жүзбен шектесіп жатқандықтан, солардың көтерілісіне қатынасқаны үшін Шошақ бірнеше рет істі болған деседі. Яғни, Ахметтің күрескерлік рухы сонау Үмбетей батырдан бастау алып жатыр.