Мұxамедиұлы паралимпиадалық спортты дамытуға уәде етті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанның паралимпиадалық спорты қарқынды дамытылатын болады.

Мұxамедиұлы паралимпиадалық спортты дамытуға уәде етті

Бұл туралы бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлы мәлім етті.

"Қазір елде паралимпиадалық спортты белсенді дамыту үшін стратегиялық жоспар қабылдадық. Менің ойымша, бұл саланы қарқынды дамытатын боламыз. Қазақстанның Ұлттық паралимпиада комитеті Астанада ірі орталық ашып жатыр", - деді министр бүгін Паралимпиада құрамасын Астана әуежайында қарсы алу кезінде тілшілерге берген сұxбатында.

Министр елімізде көп жылдар бойы мүгедектер спортына көңіл дұрыс бөлінбей келгендігін жасырмады.

Есте болса, 2014 жылы Сочиде өткен Қысқы Паралимпиада ойындарында отандық спортшылар ойынға бірнеше айлар қалғанда дайындала бастаған. Ал биатлоншы Қанат Канафин екі апта ғана жанары нашар көретіндерге арналған винтовкамен жаттыққан.

Бірақ, министрдің айтуынша, қазіргі кезде жағдай оңалып келеді. Риодағы жетістіктер соның айғағы. Бапкерлер мен Ұлттық паралимпиада комитеті бұған көп күш салды. ҚР ҰПК басшысы Қайрат Боранбаев өз қаражаты есебінен спортшыларды АҚШ-қа жіберіп, оқу-жаттығу жиындарын өткізуге мүмкіндік сыйлады. Бұл олардың шетелде өткен алғашқы оқу-жатығу жиындары.

"Қызығушылық артып отырғандығын біз көріп отырмыз. Әрине, біз паралимпиадалық спортты ары қарай дамытуымыз керек", - деді министр.

Айта кетейік, Риодағы Паралимпиада ойындарына Қазақстаннан 11 спортшы аттанған болатын. Оның нәтижелері бойынша, жүзуші Зулфия Ғабидуллина 100 метрге еркін әдіспен жүзуден алтын медаль жеңіп алды. Сонымен қатар 50 метрге еркін әдіспен жүзуден 4-орын және 50 метрге шалқалап жүзуден 6-орын иеленді. Ал 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен пауэрлифтер Раушан Қойшыбаева Паралимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды.