Мұздықтар азайып барады: Орталық Азияны болашақта не күтіп тұр

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылы әлемнің көптеген өзендері соңғы отыз жылдан астам уақыттағы ең құрғақ кезеңдердің бірін бастан өткерді. Бұл туралы Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның (ДМҰ) жаңа есебінде айтылған. Бұл туралы БҰҰ жаңалықтар қызметі мәлім етті. 

Мұздықтар азайып барады: Орталық Азияны болашақта не күтіп тұр
Фото: БҰҰ жаңалықтар қызметі\ B. Мишра

«Жаһандық су ресурстарының жағдайы» деп аталатын баяндама әлемдегі тұщы су қорының ұзақ мерзімді түрде азайып келе жатқанын және мұздықтардың шегініп жатқанын көрсетеді. Бұл үрдістер болашақта адамзатқа да, экономикаға да елеулі әсер етуі мүмкін.

Су қоры азайып барады

ДМҰ мәліметінше, су айналымы барған сайын тұрақсыз әрі болжамы қиын сипат алып келеді. Бір өңірлерде су тапшылығы байқалса, басқа аймақтарда су тасқыны мен артық ылғалдану қаупі күшейіп отыр.

Соңғы жеті жылда суы «қалыпты» деңгейде болған өзендердің саны 1991 жылдан бергі ең төмен көрсеткішке жетті.

Жауын-шашын, өзен ағыны және топырақтағы ылғал ауа райына тез — бірнеше күн немесе апта ішінде — жауап береді. Ал жерасты сулары, мұздықтар мен маусымдық қар жамылғысы секілді су айналымының баяу өзгеретін бөліктері әлдеқайда ұзақ уақыт ішінде қалыптасып немесе азаяды.

ДМҰ бас хатшысы Селеста Саулоның айтуынша, бұрын мұндай баяу өзгеретін су қорлары планетаның өзіндік «жинақ шоты» қызметін атқарып, құрғақшылық немесе қолайсыз маусым кезінде адамзатты сумен қамтамасыз ететін табиғи қор ретінде пайдаланылған.

— Біз осы жинақ шотымызды тауысып жатырмыз. 2014–2016 жылдардан бері құрлықтағы су қорының азаю үрдісі байқалады. Бұл — ондаған жыл бойы сақталып келе жатқан тұрақты белгі, — деді Селеста Сауло.

Мұздықтардың жоғалуы күшейіп келеді

Өткен жыл мұздықтардың жаппай еруі бойынша қатарынан төртінші жыл болды. Жер шарындағы барлық негізгі мұздықты өңірлерде мұз массасы азайған.

Бұл жағдай қысқа мерзімде су тасқыны қаупін арттырса, ұзақ мерзімде көптеген аймақтар үшін ауызсу мен су қауіпсіздігіне қатер төндіреді.

2023–2025 жылдар аралығында мұздықтар жыл сайын өз массасын жоғалтты. Осы үш жыл ішінде әлем бойынша мұздықтардың жиынтық массасы шамамен 1400 гигатонна суға азайған.

Бұл көлем шамамен 560 миллион олимпиадалық бассейнді толтыруға жететін су мөлшеріне тең. Сонымен қатар ол әлемдегі бір жылдық тұщы су алу көлемінің шамамен үштен біріне сәйкес келеді.

2025 жылы Еуропада қар жамылғысының көлемі қалыпты деңгейден төмен болды. Ал Ресей мен Солтүстік Америкада жағдай өңірге қарай айтарлықтай ерекшеленді.

Орталық Азия, Оңтүстік және Батыс Азия, Ресей Арктикасы, Исландия, Батыс Канада және АҚШ аумағындағы мұздықтар өткен жылы өте көп масса жоғалтты. Бұл аймақтардың кейбірінде мұздықтардың жылдық шығыны бақылау тарихындағы ең жоғары үш көрсеткіштің қатарына кірді.

Кавказ, Батыс Канада мен АҚШ және Орталық Еуропа сияқты шағын мұздықтар басым өңірлердің кейбірі мұздықтардың еруінен келетін су көлемінің шарықтау шегіне — «су молдығының шегі» (peak water) кезеңіне — жеткен болуы мүмкін.

Бұл нені білдіреді? Мұздық алғашында қарқынды еріген кезде өзендерге түсетін су көлемі артады. Алайда мұз қоры азайған сайын, бір кезеңнен кейін еріген судың мөлшері де төмендей бастайды. Демек, мұздықтар бұдан былай бұрынғыдай су жинақтайтын табиғи резервуар қызметін атқара алмайды.

Өзендердегі су мөлшері төмендеді

2025 жыл әлемдегі өзен ағыны бойынша соңғы 35 жылдағы ең құрғақ жылдардың бірі болды.

Жаһандық өзен бассейндерінің шамамен 36 пайызында су ағыны қалыпты деңгейден төмен болған.

Сонымен қатар қатарынан жетінші жыл өзен бассейндерінің «қалыпты» жағдайдағы үлесі орташа көрсеткіштен төмен болып отыр. 2025 жылы бұл көрсеткіш шамамен 34–38 пайыз аралығында болды. Ал 1991–2020 жылдардағы орташа көрсеткіш 46 пайызды құраған.

Құрлықтағы жалпы су қоры — жерасты сулары, көлдер мен өзендердегі су, топырақ пен өсімдіктердегі ылғал, мұз бен қарды қоса есептегенде — 2010-жылдардың ортасынан бері азайып келеді.

2025 жылы Шығыс Еуропа, Орталық Азия және Ресейдің кейбір өңірлерінде құрлықтағы су қоры қалыпты деңгейден төмен болды.

Құрғақшылық пен су тасқыны қатар күшейіп келеді

Соңғы бес жылдың әрқайсысында әлемнің ұлттық метеорологиялық және гидрологиялық қызметтері рекордтық су тасқындары мен құрғақшылық жағдайларын тіркеді.

Кейбір аймақтарда бір табиғи апаттан кейін қалпына келіп үлгермей жатып, келесі экстремалды құбылыс орын алған. Яғни адамдардың, ауыл шаруашылығының және экономиканың бір апаттан кейін қайта қалыпқа келуіне жеткілікті уақыт болмай отыр.

Есепке сәйкес, соңғы бес жылда тіркелген суға байланысты экстремалды құбылыстардың кемінде жартысы Азия мен Африкада болған. Ал осындай апаттардан қаза тапқандардың   осы екі құрлыққа тиесілі.

Бұл Қазақстан мен Орталық Азия үшін нені білдіреді?

Мұздықтардың азаюы әсіресе Орталық Азия үшін маңызды мәселе. Өйткені бұл өңірдегі көптеген өзендердің суы таулардағы қар мен мұздықтардың еруіне тәуелді.

Мұздықтар — табиғи су қоймалары тәрізді. Қыста қар түрінде суды жинақтап, жылы мезгілде біртіндеп ерітіп, өзендерге су береді. Сондықтан мұздықтардың азаюы қысқа мерзімде өзендердегі су көлемінің артуына, ал ұзақ мерзімде керісінше су тапшылығының күшеюіне әкелуі мүмкін.

Сонымен бірге су ресурстарының трансшекаралық сипаты мәселені күрделендіреді. Бір елдегі мұздықтардың өзгеруі жүздеген шақырым төменде орналасқан басқа елдердің су қорына әсер етуі мүмкін.

ДМҰ бас хатшысы Селеста Сауло осыған байланысты:

— Су шекараны мойындамайды. Өзен бассейніндегі су балансына басқа елде болып жатқан жағдай тікелей әсер етеді. Бір елдегі мұздықтың шегінуі жүздеген шақырым төменде тұратын халықтың суға қолжетімділігін өзгертуі мүмкін, — деді.

Оның айтуынша, сондықтан мемлекеттерге ортақ деректер, бірыңғай стандарттар және ерте ескерту жүйелері қажет.

Негізгі мәселе неде?

Мұздықтардың еруі — тек таулардағы мұздың азаюы емес. Бұл ауызсуға, ауыл шаруашылығына, энергетикаға және жалпы экономикалық тұрақтылыққа әсер етуі мүмкін ұзақ мерзімді процесс.

Қазіргі үрдіс жалғаса берсе, кейбір аймақтарда су тасқыны қаупі қысқа мерзімде күшейіп, кейін мұздықтардың су беретін қоры азайған сайын тұрақты су тапшылығы мәселесі алдыңғы орынға шығуы ықтимал.

Бұған дейін спутниктік бақылаулар Гренландия мен Антарктидадағы мұз жамылғысының соңғы 47 жыл ішінде 12 триллион тоннадан астам азайғанын көрсеткен болатын.

Ал Гималай мұздықтарының еруі соңғы 10 жылда 65%-ға жеделдеді.