Мьянмадағы жер сілкінісі: 40 градус ыстық күн райы құтқару жұмыстарын қиындатты
АСТАНА. KAZINFORM – Мьянмадағы жойқын жер сілкінісі аймағында электр қуаты жиі ажырап, таза судың берілуі шектеліп жатыр, деп хабарлайды Анадолы.

Сонымен қатар, адам күшінің, қаржылық қолдаудың жеткіліксіздігі және әскерилердің бейбіт тұрғындарға шабуылдауы іздеу-құтқару жұмыстарын қиындатқан.
28 наурызда Мьянманың орталық бөлігінде болған 7,7 және 6,4 балдық жер сілкінісі 3145 адамның өмірін қиды, тағы 4589 адам жарақат алды.
Апат аймақтарындағы онсыз да ауыр жағдайды 40 градусқа дейін жеткен ыстық ауа райы ушықтырып отыр.
Сонымен қатар, ауа райы болжамына сәйкес алдағы айларда өңірде муссондық жауын-шашын күтіледі. Ол жағдайды одан сайын нашарлатуы мүмкін. Өйткені шатырларды паналауға мәжбүр болған жергілікті тұрғындардың өміріне қауіп төндіреді. Бұдан бөлек билік жер сілкінісі аймағында жұқпалы аурулар таралуы мүмкін екенін ескертеді.
Құтқарушылар әлі де бірқатар ауылдық жерге жете алмай отыр, сондықтан ел билігі құрбандар саны көбеюі мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Елдегі қарулы қақтығыс та апат салдарын жоюға кедергі келтіріп жатыр.
Мьянма бойынша сарапшы және Southeast Asia Innovation Forces (FORSEA) негізін қалаушы Маунг Зарнидің сөзінше, жер сілкінісі аймағында эпидемия өршуі мүмкін. Зарни атап өткендей, бұл бірінші кезекте таза судың жетіспеушілігінен туындайды.
Маман Мьянма табиғи апаттарға, ең алдымен су тасқыны мен жойқын жер сілкіністеріне мүлдем дайын емес екенін айтты.
Зарни Мьянмаға көрші елдерден келген көмек іздеу-құтқару жұмыстарын ілгерілетуге ықпал еткенін атап өтті. Ол оннан астам ел жәрдемдесіп жатқанын алға тартты.
Бирма адам құқықтары желісінің (BHRN) директоры Чжо Виннің айтуынша, жер сілкінісі кезінде ғасырлар бойы қызмет етіп келе жатқан мешіттерге де зақым келген. Чжо қайтыс болғандардың арасында көптеген мұсылман болғанын айтты, өйткені жер сілкінісі жұма намазы кезінде болды. Оның деректеріне сәйкес 67 мешіт жарамсыз күйге түскен.
Осыған дейін 28 наурыздағы жойқын жер сілкінісінен кейін жабылған Янгон-Мандалай теміржол желісі мен Мандалай халықаралық әуежайы қайта ашылғаны хабарланды.