Мықты экономика - қуатты мемлекеттің кепілі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет отырысында еліміздің биылғы жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономи­калық даму қорытындылары да қаралды, деп жазады «Айқын» газеті.

Мықты экономика - қуатты мемлекеттің кепілі

Ұлттық экономика министрі Қ.Бишім­баевтың мәліметінше, ел экономика­сын­дағы оң динамика сақталуда: қаңтар-мау­сым айларында еліміздің ЖІӨ-сі 0,1%-ға өскен. Сондай-ақ негізгі капиталға құйыл­ған инвестиция көлемі 8,5%-ға өсіп отыр. 

Қуандық Бишімбаевтың түсіндіруінше, экономиканың өсімі «Нұрлы жол» және ин­дустрияландыру бағдарламаларын жү­зеге асыру арқасында мүмкін болған. Рес­публикадағы құрылыс жұмыстарының кө­лемі 6,6%-ға артыпты. Бұған өндірістік объектілердің және тұрғын үй кешендері­-нің көптеп іске қосылуы серпін берген. Ауыл шаруашылығының өнім шығару кө­лемі мал шаруашылығындағы өндірістің артуы есебінен 2,7%-ға ұлғайған. Несие­лендіру көлемі де қайтадан ұлғая бастапты. 2016 жылғы қаңтар-мамыр айларында банк­­тер 3,7 триллион теңге несие берген, бұл былтырғы сәйкес мерзімдегіден 6,7%-ға көп. 

Еліміздің өңірлері де өсім жолына шы­ғуда. Экономикалық көрсеткіштер бойын­ша Ақмола (6,5%), Оңтүстік Қазақстан (5,3%) және Шығыс Қазақстан (4,3%) об­лыстары көш бастауда. 

Сонымен бірге өңірлерде бірқатар ірі нысандардың құрылысы аяқталды. Қара­ғанды облысында «Жезқазған-Бейнеу» және «Арқалық-Шұбаркөл» теміржолдары салынып бітті. Қызылорда облысында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралді газ құбырының және «Жезқазған-Сек­сеуіл» темір жол желісінің құрылысы тә­мамдалды. Алматы облысында «Асыл Арман» тұрғын үй кешен салу, «Алматы-Қапшағай», «Алматы-Өскемен» және «Алматы-Қорғас» автокөлік жолдарын қай­та қалпына келтіру бойынша жұмыс­тардың негізгі ауқымы артта қалды. 
Үкімет отырысының күн тәртібіне ел эко­номикасын дамыту, соның ішінде ин­дустрияландыру мәселелері де шығарылды. Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек Елбасының тапсырмаларына, «жаһандық салалық және технологиялық тренд-үрдістерге» сәйкес, индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына өз­герістер енгізу жобасын ұсынды. Және бұл жобаны Үкімет мүшелері отырыста бір­ауыздан мақұлдады. Жаңарған бағдарла­ма бойынша экспорттаушылар қолдау кө­ретін болады. 

Министрдің айтуынша, өңдеу өнер­кәсібін дамуға тиімді ынталандыру саясаты жалғасады. Бұған қоса, еңбек өнімділігі мен дайын өнімдер экспортының көлемі өсуі тиіс екен. Мақсатты - индикаторлар бой­ын­ша 2019 жылға қарай өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспорты 2015 жылмен салыс­тырғанда, 19%-ға артуы тиіс. Бұл ретте осы саладағы еңбек өнімділігінің өсімі 22%-ға өсуі керек. Ал негізгі капиталға салынар ин­вестиция көлемін 2015-2019 жылдары 4,5 триллион теңгеге дейін жеткізу көзделуде. 

- Қойылған міндеттерге қол жеткізу мақ­сатында Инвестициялар және даму министрлігі өнеркәсіптің барынша экс­портқа бағытталған 8 секторын іріктеп ал­ды. Бұлар - қара және түсті металлургия, мұнай өңдеу, мұнайхимия және агрохи­-мия, автомобильжасау және электрлі-тех­никалық машинажасау, сондай-ақ тамақ өнімдерін өндіру. Мұның сыртында бұған дейін белгіленген 14 басымдықты секторда да мемлекеттік қолдау шаралары жасала­-тын болады, - деді Ж.Қасымбек.

Үкімет іске асыратын жұмыстардың негізгі бағыттары аясында Индустрия­лан­дыру картасын қалыптастырудың әдіс-тә­сілдері қайта қаралады, мемлекеттік қолдау көрсетудің рәсімдері мен ережелері де қайта түзіледі, бұл ретте негізгі критерий ретінде экспортқа бағдарлану және өнімділік алы­нады. Ұлттық экспорттық брендтерді қа­лыптастыру және ілгерілету жүргізіледі. 

Инновациялар орталықтарын қалып­тастыру аясында «стартаптарды» қолдау күшейтіледі. Халықты өнімді еңбекпен қамту шаралары қабылданады. Осылайша, күшті өңдеу секторы айналасында мемле­-кет өнімді қызмет көрсету секторларын өріс­тетпек, ал тауарлар экспортының артуы экономикаға орнықтылық береді және шикізат бағаларына тәуелділікті азайтады.  
Елдос СЕНБАЙ