Мыңарал цемент зауыты халықаралық көлік торабына жарамайтын өнім шығаруда
ТАРАЗ. 15 наурыз. ҚазАқпарат - Мыңарал цемент зауыты «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік торабының құрылысына жарамайтын өнімді шығарып жүр.
Автомобиль жолдары комитетінің Жамбыл облыстық департаментінен хабарлағандай, ведомство жетекшісі Ұлан Әліповтың айтуынша, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізі жамбылдық учаскесінің құрылысында Шымкент және Семей зауыттарының цементі қолданылады.
Алайда Жамбыл облысының Мойынқұм ауданында екі ірі цемент зауыты - «Мынарал Тас Компани» ЖШС мен «Хантау цемент зауыты» ЖШС-нің құрылысы басталғанда олардың өнімдері «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік дәлізінің құрылысын қамтамасыз етіп, сол арқылы жергілікті құрылыс материалдарын қолдану мөлшерлерін өсіреді деп жобаланған.
Осының неге жүзеге аспағаны туралы сұраққа жауап берген автомобиль жолдары комитеті облыстық департаментінің директоры Ұ.Әліпов: «Жамбыл облысындағы цемент зауыттарының өнімін жеткізу кешіктірілді. «Мыңарал Тас Компани» бізге өз цементін жеткізу ұсынысын әлі күнге дейін жасаған жоқ, ал Хантау цемент зауытын енді ғана іске қосу жоспарлануда, іске қосылған соң оның қуаттылығы жылына 400 тонна болады, Мыңарал зауытының қуаттылығы - жылына 1,2 тоннаға дейін цемент өндіреді», - деп түсіндірді.
Ұ.Әліпов ведомствоның жамбылдық цемент зауыттарының жетекшілері алға жылжытқан барлық ұсыныстарды қарастыруға дайын екендігін қосып өтті.
Мыңарал цемент зауыты Жамбыл облысының ҮИИДБ кәсіпорындарының қатарына кіріп, «Vicat Group» француз компаниясымен біріккен жоба болып табылады.