Мысыр Газа секторымен шекараның бойына жерасты темір қалқандарын орнатуда
АСТАНА. Желтоқсанның 11-і. ҚазАқпарат - Мысыр үкіметі «Хамас» тобы бақылайтын Газа секторымен арадағы шекараның бойындағы контрабандышылар туннельдерін жауып тастау туралы нұсқау берді. Оған қоса, мысырлық тарап шекара бойына жерасты темір қалқандарын орнатуда,
деп хабарлайды Associated Press.
Газа секторымен шекаралас елді мекендердің тұрғындарының айтуынша, мысырлық жұмысшылар туннельдерді топырақпен жауып, жерасты қалқандарын орнату үшін шұңқырлар қазғандарына бірнеше аптаның жүзі болды.
Жерасты туннельдері контрабандышылар үшін «Хамас» жасақтарына қару-жарақ пен жарылғыш заттар жеткізетін негізгі жол болып табылады. Израиль әскерлері де туннельдерді бірнеше рет жоймақ болды.
Газа секторымен шекараны нығайту - контрабандымен күресу шараларының бірі, Мысыр өкіметі осы шараны қабылдап жатыр. Сондай-ақ Каирге АҚШ басшылығының көмек көрсететіні хабарлануда.
2008 жылдың желоқсан айы мен 2009 жылдың қаңтар айының аралығында «Хамасқа» қарсы жасалған Израиль әскерлерінің операциясынан кейін, АҚШ Мысырмен, Израильмен және басқа да елдермен оларға әскери, материалдық-техникалық және басқа да көмектер көрсету туралы келісім жасады. Бірақ та, ресми Вашингтон Мысыр мен Газа секторының шекарасындағы жоғарыдағы жұмыстарға АҚШ-тың атсалысып жатқанын теріске шығаруда.