Мысырда «ЭКСПО-2017» көрмесіне арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мысырда «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмеге арналған дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Мысырда «ЭКСПО-2017» көрмесіне арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды

Басқосуды ашқан Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Берік Арын өз сөзінде осы көрменің ұйымдастырылу тарихында ол бірінші рет дамушы елдер мен мұсылман қауымдастығына жататын Қазақстанда өтетіндігі Африка елдерінің Астана кандидатурасына кең қолдау көрсетулерінің арқасында мүмкін болды дей келе, еліміздің экономикалық дамуы мен инвестициялық мүмкіндіктері жайына кеңінен тоқталып өтті. Дипломат қатысушыларды ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауында белгіленген «Қазақстанның жаңа экономикалық саясатымен» таныстырды. Сондай-ақ ол 2015 жылы Евразиялық экономикалық одақтың өз қызметін бастауымен ашылатын әлеуетті өзара ынтымақтастықты дамытуға кеңінен пайдалануға шақырды.

«Астана ЭКСПО-2017»АҚ Ұлттық компаниясының халықаралық қатынастар департаментінің директоры Н.Ергешбаев көрме жобасымен таныстыра келіп, дөңгелек үстелге қатысушыларды «ЭКСПО-2017»-ге дайындық барысымен, сонымен бірге оған қатысу шарттарымен және беретін мүмкіндіктерімен кеңінен хабардар етті. Астана қаласында өтетін көрменің өте ауқымды жоба ретінде ойластырылғанын, әрі оның «Болашақ энергиясы» деген атауының ғаламдық энергетикалық қауіп-қатерлерге лайықты жауап табуға септігін тигізе алатындығын ерекше атап өтті.

Сонымен қатар, аталған шарада МАР Индустрия, сауда, орта және кіші бизнес министрлігінің ЭКСПО және конференциялар басқармасының төрағасы Халид Шихата «ЭКСПО-2017-ге Мысырдың қатысуы», МАР Электроэнергия және жаңарылатын энергия көздері министрлігінің Күн энергиясы департаментінің бас директоры Салех Абу Оуф «Жаңарылатын энергия көздері - Мысыр мен Қазақстанның ортақ мүддесі», «Тәуелсіз мысырлықтар» партиясының энергетика комитетінің төрағасы Ғалял әл-Гор «Шетелдік инвесторлар үшін Қазақстандағы бизнес-мүмкіндіктер» тақырыптарында баяндамалар жасады.

Шараға қатысушылар мен журналистерге Елбасының «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» Жолдауы, «Қазақстан - 2050» стратегиясы таратылып, «EXPO Timeline» және «EXPO-2017 «Future Energy» бейне фильмдері көрсетілді, «ЭКСПО-2017» жайында ақпараттық және жарнамалық буклеттер, Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктері мен имиджіне қатысты басқа да материалдар тапсырылды.