17:11, 24 Наурыз 2014 | GMT +5
Мысырда «Мұсылман бауырлардың» 500-ден астам белсендісі өлім жазасына кесілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мысырда шектеу қойылған «Мұсылман бауырлар» қауымдастығының 529 белсендісі өлім жазасына кесілді.
Мұндай шешімді Эль-Минья өлкесінің қылмыстық соты шығарып отыр, деп хабарлады шетелдік БАҚ.
Күдік келтірілгендердің барлығына да полиция учаскесіне шабуыл жасады, офицерлер тобын, оның ішінде полиция бөлімшесі бастығының орынбасары полковник Мұстафа Рагабты өлтірді деген айыптар тағылуда. Айта кетерлігі, өткен жылдың тамызында армия мен исламшылар арасындағы қақтығыс өршіп тұрған кезде полиция учаскесіне шабуыл жасалып, қару-жарақ пен оқ-дәрінің мол мөлшері қолды болған еді.
Мысырдың заңгерлік тәжірибесіне сәйкес, өлім жазасына кесілгендердің барлығы да араб республикасының жоғары мүфтиі Әли Гуманың бекітуіне жіберіледі. Осыдан кейін сот қайта отырыс өткізіп, онда соңғы үкім шығарылады.