Мысырдың Индустрия және сауда министрі өз елінің «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне қатысатындығын қуаттады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Кеше, 12 қарашада Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Берік Арын жақында тағайындалған Мысырдың Индустрия және сауда министрі Тарек Қабилмен кездесіп, екі ел арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамытудың жолдарын талқылады.
Атап айтқанда, тараптар қазақстан-мысыр Іскерлік кеңесінің жаңа құрамын құру, Мысыр тарапының «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысу, Қазақстан бидайын Мысырға тасымалдауды жандандыру және алдағы уақытта Еуразиялық экономикалық одағы және Мысыр арасындағы еркін сауда туралы келісіміне қол қоюға қатысты мәселелерді қарастырды.
Б. Арын «ЭКСПО-2017»-ні өткізуге байланысты жүріп жатқан дайындық жұмыстары мен іс-шараға қатысу шарттары жайында толық ақпарат берді. Өз кезегінде Т. Қабил алдағы көрме тақырыбының өзектілігін атап өтіп, Астанада өткізілетін «ЭКСПО-2017»-ге Мысырдың қатысатындығын қуаттады, жуық арада МАР ұлттық секциясының комиссары тағайындалады деп сендірді.
Тараптар қазақстан-мысыр Іскерлік кеңесінің жаңа құрамын құру үдерісін жылдамдатуға және 2016 жылдың бірінші жартысында төртінші отырысын өткізу туралы уағдаластыққа келді.
Қазақстанның бидайды әлемдік нарыққа ең ірі экспорттаушы мемлекеттердің бірі, ал Мысырдың ең ірі импорттаушы мемлекет екендігін белгілі. Осы ретте сұхбаттасушылар жаңа транспорттық бағыттарды пайдалана отырып, еліміздің астығын Мысыр нарығына тасымалдауды қайта жандандыру маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ кездесу барысында Мысыр министрі Қазақстанның қазіргі ішкі саяси және экономикалық ахуалымен, ҚР Үкіметінің әлемдік дағдарыстың келеңсіздіктерін еңсеру бағытында «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты, «Бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамы» Ұлт жоспары аясында қолға алып жатқан шараларымен таныстырылды, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.