Мысырдың вице-президенті оппозициямен келіссөз жүргізді
деп хабарлайды «Маяк» радиосы.
Келіссөзге оппозициялық зайырлы партиялардың өкілдері, құқық саласындағы тәуелсіз сарапшылар, іскер топ өкілдері, атап айтқанда, миллиардер Нагиб Савирис, сондай-ақ МАГАТЭ-нің бұрынғы басшысы Мохаммед әл-Барадей қатысты.
Тараптар дағдарыстан шығу жөніндегі барлық қадамдардың қолданыстағы конституцияның аясында қабылдану керектігіне келісті.
Қорытынды құжатта көрсетілген барлық шаралар уақытша мазмұнға ие және олар елдің қазіргі басшысы Хосни Мүбарактың өкілеттік мерзімі аяқталғаннан кейін өтетін президенттік сайлауға дейін сақталады. Бұл дегеніміз, мемлекет басшысының дереу отставкадан кетуі туралы талап жұмсарды деген сөз.
Диалогқа қатысушылар қол жеткізген тағы бір негізгі келісім - Мүбарактың 1 ақпанда халыққа жасаған үндеуінің барлық міндеттемелерін орындау кепілдігі болды. Бұл жерде, Мүбарактың жаңа президенттік сайлауға өз кандидатурасын ұсынбау және «биліктің конституцияға сәйкес бейбіт жолмен берілуіне» кепілдік берілуі туралы сөз болып отыр.
Диалогтың тағы бір маңызды нәтижесі - осыдан 30 жыл бұрын енгізілген төтенше жағдайдың күшін тоқтату туралы шешім болды. Бұл шешімнің күші ықтимал сыртқы ығыттарға байланысты болуы мүмкін. Бірақ та, қалай болғанда да төтенше жағдай президенттік сайлауға дейін алып тасталынуы керек.
Естеріңізге сала кетейік, Мысырдағы халық наразылығы 25 қаңтардан бері жалғасып келеді. Манифестшілер 1981 жылдан бері билік басында келе жатқан президенттің отставкасын, экономикалық реформалардың жүргізілуін және жемқорлықпен күрес жөніндегі тиімді шаралардың қабылдануын талап етуде.