Мысырға дағдарыстан шығу үшін 100 млрд доллар қажет

Араб және шетелдік мәселелермен айналысатын кеңестің ұйытқы болуымен Кувейтте өткен конференцияда сөйлеген сөзінде ол Мысыр экономикасының қатерлі кезеңде тұрғанын, одан елді тиімді басқару арқылы шығуға болатынын жеткізген еді.
muslim.kz сайтының жазуынша, саясаткер Халықаралық валюта қорының, Дүниежүзілік банктің, Еуропалық одақтың, Азия елдерінің, Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесінің, Латын Америка елдерінің, араб елдерінің, Индонезия және Түркия секілді ислам мемлекеттерінің басын қосып, Мысыр экономикасын қолдауға бағытталған халықаралық конференция өткізудің қажеттілігіне тоқталған болатын.
Ол аталған елдер мен ұйымдардың ел экономикасына инвестиция құюға құлшыныс танытатынына сенім білдірген еді. Оның бұлайша сенім білдіруін Мысырдың аймақтағы жетекші ел болып табылатын артықшылығымен байланыстыруға болады. Мысыр экономикасының күйреуіне ешбір ел мүдделі емес.
Жығылғанға жұдырық болып, ел қазынасына айтарлықтай табыс әкелетін туризм саласының да алға басқан қадамы кері кетіп, ақсап тұр. Туристік компаниялар елге ағылып келетін туристер санының күрт азайып кеткенін алға тартып отыр. Осы саланың жілігін шағып, майын ішкен сарапшылардың айтуынша, шетелдік қонақтардың арасында елде болып жағдайды елең қылмайтын араб елдерінен келгендердің қарасы көп.
Ал Еуропадан келетін туристердің қатары едәуір кемігені байқалады. Туристік саланың бойына қан жүгіртетін де солар екенін ескеру керек. Туристік аудандардағы мейманханаларға келетіндердің қатары 60 пайызға сиреген. Осының кесірінен көптеген көңіл көтеретін орындар жабылып, осы салада жұмыс істейтін қызметкерлердің 50 пайызы қысқартуға ұшыраған.