Lufthansa әуе компаниясының ұшағы Алматыға шұғыл қонуға мәжбүр болды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Lufthansa әуе компаниясының Мюнхен – Бейжің бағытындағы LH 0722 рейсі Алматы әуежайына шұғыл түрде қонды.
Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің мәліметінше, ұшақта жолаушының жағдайы кенеттен нашарлап, ол есінен танып қалған. Әуе кемесінің экипажы Алматы халықаралық әуежайына шұғыл қону туралы шешім қабылдаған.
– Ұшаққа жедел түрде әуежайдың медициналық қызметі мен қалалық жедел медициналық жәрдем бригадасы жіберілді. Медицина қызметкерлері келген кезде жолаушының ұшу барысында көз жұмғаны анықталды. Алматы әуежайында жанармай құйылғаннан кейін әуе кемесі сағат 07:56-да өзі бағытына ұшып шықты, - делінген хабарламада.
Көліктегі полиция департаменті аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
– Өлімнің алдын ала себебі – жедел жүрек жеткіліксіздігі. Кенеттен қайтыс болған жолаушы – шетел азаматы. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, - деп хабарлады департаменттен.
Еске салайық, Ақтау маңында апатқа ұшыраған әзербайжандық ұшаққа қатысты аралық хабарлама жарияланды.