Н.Назарбаев: 30 тамыз - Қазақстан халқы біртұтас таңдау жасаған ұлы бетбұрыс күні

«Қымбатты отандастар, қадірлі конференцияға қатысушылар, біздің еліміздің қонақтары! Баршаларыңызға Қазақстанға хош келдіңіздер деймін. Бүгін Қазақстан үшін - өте ұлы күн. Сондықтан баршаңызды мемлекетіміздің берік іргетасы Конституциямыздың 20 жылдық меркесімен шын жүрегіммен құттықтаймын. 30 тамыз Қазақстан халқы біртұтас таңдау жасаған ұлы бетбұрыс күні болып есептеледі. Біз осыдан 20 жыл бұрын бүкілхалықтық референдумда Ата заңымызды қабылдадық. Ескі мен жаңа тоқайласқан алмағайып кезеңде халқымыз барша әлемге бірлігі мен даналығын көрсетті», - деді Елбасы өз сөзінде.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы осыдан 20 жыл бұрын Жаңа Қазақстанның, жаңа заманның талаптарына сай келетін Конституцияның мәтінін бекіткенімізді атап өтті.
«Біз ортақ тағдыр біріктірген Қазақстан халқы деп басталатын Ата заңымыздың бойына еліміздің ең басты құндылықтарын түгел сыйғыза білдік. Мен Конституцияның бір жылдығына арналған салтанатты жиында «Біз заң аясында өмір сүруге үйренуіміз керек» деп айтқанмын. Ата заңымызбен жүріп өткен 20 жылға көз сала отырып, бүгін біз заң аясында өмір сүретін елміз деп мақтанышпен айта аламыз», - деді ҚР Президенті.