13:28, 29 Мамыр 2015 | GMT +5
Н.Назарбаев: Алдағы 4 жылда 5 мың шақырым автомобиль жолы салынады
БУРАБАЙ. ҚазАқпарат - Алдағы 4 жылда 5 мың шақырым автомобиль жолы салынады. Бұл туралы бүгін Ақмола облысына қарасты Бурабай кентінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттер делегациялары басшыларымен кездескен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

«Тек алдағы төрт жылдың ішінде бес мың шақырым автомобиль жолын, жаңа әуежайлар салу, көпірлерді қайта жаңғырту, тұрғын үй, мектеп пен аурухана салу көзделіп отыр. Бұған 14 млрд. доллар жұмсалатын болады. 17 млн. халқы бар Қазақстан үшін бұл өте көп қаржы», - деді ҚР Президенті.
Осы ретте Елбасы аталған шығыстардың 30 пайызын Дүниежүзілік банк, Еуропалық банк, Азия банкі сынды әлемдік қаржы институттары қосатындығын баса айтты.
Сонымен қатар ҚР Президенті елімізде Қытайдан Ресей шекарасына дейінгі 2700 шақырымды қамтитын автомобиль жолы салынып жатқанын ескертіп өтті.
«Ағымдағы жылы біз осынау тамаша жолдың құрылысын аяқтаймыз. Оның бойында көптеген бизнес орындары ашылатын болады», - деді Мемлекет басшысы.