Н. Назарбаев: Әлемде дағдарыс болып жатса, ал біз барша Қазақстанды ауқымды құрылыс алаңына айналдырамыз
АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Іске асырылатын жобаларды қадағалайтын комиссия құру тапсырылды.
Бұл туралы бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауында мәлім етті.
Елбасы Жолдау барысында аталған ірі жобалар ел экономасының тұрпатына оңтайлы өзгеріс жасайтынын айта келе, «әлемде дағдарыс болып жатса, ал біз барша Қазақстанды ауқымды құрылыс алаңына айналдырамыз»,-деді. Осы орайда Н. Назарбаев көптеген жұмыс орындары құрылатынын қадап айтты.
«Үлкен кәсіпорындар, құрылыс индустриясы, металлургия, ағаш өңдеу және басқа да салалар дамитын болады»,-деді Елбасы.
Сонымен қатар Президент қойылып отырған мақсаттар мен жобалардың тиімді орындалуын қадағалайтын комиссия құруды тапсырды. «Бұл 2008-2009 жылдардағы әлемдік дағдарыс кезінде тиімді жұмыс істеген комиссияға балама болуы тиіс. Атап айтқанда, бұл комиссия сол жылдары өз тиімділігін көрсете алды. Сол кезде әр теңге тиісті бағыттарда жұмсалды»,-деді Мемлекет басшысы.