15:32, 27 Тамыз 2015 | GMT +5
Н.Назарбаев «Астана» футбол клубын құттықтап, командаға жарқын жеңістер тіледі
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Астана» футбол командасының УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шығуымен байланысты құттықтау жолдады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Мемлекет басшысы елордалық команданы құттықтай отырып, осынау шын мәніндегі тарихи жетістік жанкешті ойынның, ынтымақтың, шебер бапкерлік жұмыс пен жанкүйерлердің қызу қолдауының нәтижесі екенін атап өтті.
«Команданың табысы бүкіл Қазақстан халқын тұтастыра түсті. Бұл оқиға спортты елімізде одан әрі танымал ете түсу үшін тың серпін беретініне сенімдімін. «Астананы» енді футболдағы әлемдік алып командалармен бәсекелер күтіп тұр. Бұл біздің жанкүйерлерімізге жаңа сапалық деңгейдегі ойындарды көзбен көруге мүмкіндік береді», - делінген жеделхатта.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтардың атынан командаға жарқын жеңістер тіледі.