Н.Назарбаев: Барлық әуежайларды, вокзалдарды заманауи тексеру жүйелерімен жабдықтаған жөн

Мемлекет басшысы Ақтөбедегі оқиғалар маңызды мекемелердің, халық көп жиналатын нысандардың күзетін күшейту қажеттігін де көрсетіп бергенін атап өтті.
«Барлық әуежайларды, автовокзалдар мен теміржол вокзалдарын өзге елдердегідей заманауи тексеру жүйелерімен, аулаларды сапалы бейнебақылау құралдарымен жабдықтаған жөн. Бұл шаралардың бірі де азаматтарға қолайсыздық туғызбауы керек», - деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті террористік акт және төтенше жағдай орын алған кезде жасалатын іс-әрекеттердің халыққа түсінікті алгоритмін әзірлеу қажеттігіне назар аударды.
«Әрбір үлкен қалада міндетті түрде халықты дереу құлақтандыру жүйесі жұмыс істеп тұруға тиіс», - деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев әскери қалашықтарды, әскери бөлімдерді, оқ-дәрі мен қару-жарақ сақталатын орындарды қоса алғанда, барлық әскери нысандарды қорғау шараларына айрықша көңіл бөлу керектігін атап көрсетті.