Н. Назарбаев Қазақстанның ауыл шаруашылығын сауықтыру бағдарламасы әлі де жан-жақты пысықтауды қажет етеді деп санайды
АСТАНА. 22 маусым. ҚазАқпарат -Ауыл шаруашылығын сауықтыру бағдарламасын әлі де жан-жақты пысықтап, арнайы сарапатамадан өткізу қажет.
Бұл туралы бүгін Ақордада кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне арналған кеңесте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.
Отандық ауыл шаруашылығын сауықтыру бастамасы туралы Президентті хабардар еткен министр Асылжан Мамытбеков атап көрсеткендей, бүгінде «ҚазАгро» компаниясы барлық өнім өндірушілерге несие бере алмай отыр. Себебі, қаржы тапшы. «ҚазАгроның» несиелендіру бағдарламасына жыл сайын бюджеттен 10 млрд. теңге бөлінеді. Ал бүгінгі нақты сан 0,5 трлн. теңгені құрайды», - дейді министр.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде агроөнеркәсіп саласындағы кәсіпкерлер дағдарысқа дейін алған несиелерін қайтара алмай отыр. Екінші деңгейлі банктерден алынған осындай проблемалы несиелердің көлемі 250 млрд. теңгеге дейін жетті. Сол себепті кәсіпкерлер мемлекет ұсынып отырған жеңілдіктерді қолдана алмай келеді.
«Міне, осыған байланысты бізге ауыл шаруашылығын сауықтыру бағдарламасы қажет. Оны нарық талаптарына сай іске асыруға болады. Яғни, ақшаны екінші деңгейлі банктерге аударып, проблемаларды несиелерді қайта қаржыландыра аламыз. Бұл - қайтарымды ақша. Осы мәселелердің бәрі 2020 жылға дейінгі агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасында көрсетілген», - деп атап көрсетті А. Мамытбеков.
Президент бұл мәселені әлі де дәлдеп пысықтау қажет деп санайды. «Осы бағдарламаны сараптамалық зерттеуден өткізіп, тағы бір мәрте қарастырған жөн болар», - деді Н. Назарбаев.