Н.Назарбаев: Үкімет мүшелері инвестиция тартуда икемділік танытуы тиіс (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкімет мүшелері инвестиция тартуда икемділік танытуы тиіс. Бұл туралы бүгін Ақордада өтіп жатқан ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«ҚХР, Лондон, Парижден бастап менің барлық сапарларыма, бізге жасалған сапарларға, бизнес-форумдарға, бизнес капитандарымен кездесуге, әлемнің ірі бизнесмендерімен жеке кездесулеріме қатыстың. Олардың барлығы да қызығушылық танытып, жұмыс істейтін нақты нысандарын атады. Бүгінгі шынайы өмірде мұндай мүмкіншілік ешкімде жоқ. Әлемде ақша көп, оларды алу, тарту, қызықтыра білу қажет. Үкіметтің бар шеберлігі, біздің кадрлардың біліктілігі мен құзыреттілігі дәл осымен түйіндесуі тиіс», - деді Елбасы Инвестициялар және даму министрі Ә.Исекешевке қарата.
Мемлекет басшысы инвесторлармен жеке-жеке жұмыс істеу қажеттігін баса айтты.
«Сондықтан да маған біздерде бұл инвестицияларды үйлестіретін бір адам бар ма екен деген ой келеді. Келген инвестор кабинеттен кабинетке жүгірмей, Үкіметтегі нақты бір адамға жолығып, ал ол адам оған қажетті барлық есіктерді ашып беруі қажет. Сондықтан да Сыртқы істер министріне (Ерлан Ыдырысовқа) мүмкін біздерге арнайы немесе сыртқы экономикалық байланыс жөніндегі бөлімше құру қажет шығар дегім келеді. Бірақ онда сенімен (Әсет Исекешевке қарата - ред.) мүдделер қақтығысы орын алады», - деді ҚР Президенті.
Өз кезегінде Ә.Исекешев шетелдік инвесторлар қызығушылық танытатын барлық жобаларға Үкімет мониторинг жүргізіп отырғанын атап өтті.
«Іс жүзінде ай сайын Үкіметте қараймыз. Біз келесі жылдан бастап заңға сәйкес инвесторларға барлық құжаттарды бір жерден бермекпіз. Сыртқы істер министрлігімен жұмыстарды үйлестіруді күшейтуге уағдаластық», -деді министр.