Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Н.Назарбаев Үкіметке әскери-көлік ұшағы апатында қаза болғандардың отбасыларына көмек көрсетуді тапсырды

АСТАНА. 26 желтоқсан. ҚазАқпарат  - Мемлекет басшысы Үкіметке, тиісті ведомстволарға Шымкент түбіндегі әскери-көлік ұшағы апатында қаза болғандардың отбасыларына көмек көрсетуді тапсырды.

Н.Назарбаев Үкіметке әскери-көлік ұшағы апатында қаза болғандардың отбасыларына көмек көрсетуді тапсырды

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шымкент қаласы маңында әскери-көлік ұшағының апатқа ұшырауына байланысты мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшыларымен кеңес өткізді.

ҚР Президентінің баспасөз қызметі хабарлағандай, кеңеске Премьер-Министр Серік Ахметов, Президенттің көмекшісі - Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Марат Тәжин, бас прокурор Асхат Дауылбаев, қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков, ішкі істер министрі Қалмұқанбет Қасымов, Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары Владимир Жұмақанов  қатысты.

Кеңес барысында ҰҚК төрағасының бірінші орынбасары В.Жұмақанов ведомство басшысы оқиға орнында жүргенін және қажетті ұйымдастырушылық іс-шараларды өткізіп жатқанын мәлімдеді.

- ҰҚК төрағасы қайтыс болғандардың туыстарымен кездесті, «Оңтүстік» өңірлік басқармада кеңес өткізді. Қайтыс болған адамдардың орнына міндетті уақытша атқарушы адамдар тағайындалды. Қазіргі уақытта қандай да бір қаскүнемдік әрекет болғанын айғақтайтындай белгілер жоқ. Жалпы, шекара қызметі жоспарлы режімде жұмыс істеуде. Мемлекеттік шекара тиісінше қорғалуда, - деді В.Жұмақанов.

Бұдан бөлек, ол ҰҚК-да қайтыс болғандардың отбасыларымен жұмыс жүргізу және шекара қызметінің қайтыс болған офицерлерін жерлеуді ұйымдастыру үшін комиссия құрылғаны туралы хабардар етті.

Қорғаныс министрі Ә.Жақсыбеков авиациялық оқиғаға тексеру жүргізу ережелеріне сәйкес, ұшақтың апатқа ұшырау себептерін тексерумен айналысатын арнайы комиссия тағайындалғанын айтып өтті.

- Алдын ала тексеріс әуежай ауданында ауаның ылғалдылығы 97 пайыз, тұманды, температурасы - 1 градус болғанын көрсетті, сондықтан мұз қатып қалуы да мүмкін. Сондай-ақ ұшақтың қалыпты қонуына кедергі келтірген ауа-райының қолайсыз жағдайын көрсететін бірқатар өзге де фактілер бар, - деді Ә.Жақсыбеков.

Бас прокурор А.Дауылбаев құрылған жедел тергеу тобына прокуратураның, ұлттық қауіпсіздік органдарының және ІІМ әскери-тергеу бөлімшелерінің таңдаулы тергеушілері енгенін мәлімдеді.

- Біз әскери-көлік ұшағының ұшу орны мен орналасу орнын қоса алғанда, осы техникаға жүргізілген жөндеу жұмыстарына байланысты барлық құжаттарын алдық. «Қара» жәшік табылды, тиісті сараптама жүргізілуде, оқиға болған орын тексерілуде. Біз әскери-көлік ұшағының апатқа ұшырауына әкеліп соққан нақты себептерді анықтаймыз, - деді А.Дауылбаев.