Н. Назарбаев: Ядролық қарудан бас тарту Қазақстан үшін тәуелсіздікке жасаған шешуші қадам болды
АСТАНА. 29 тамыз. ҚазАқпарат - Ядролық қарудан бас тарту Қазақстан үшін тәуелсіздікке жасаған шешуші қадам болды.
Бүгін Астанадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан «Ядролық сынақтарға тыйым салудан - ядролық қарусыз әлемге» атты халықаралық конференция барысында сөз сөйлеген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.
Мемлекет басшысы сөз арасында өз аумағындағы ядролық сынақ полигонын ерікті түрде жапқан Қазақстанның негізгі үш мәселесіне баса назар аудартты. «Біріншіден, Қазақстан үшін бұл түпкілікті егемендік пен тәуелсіздікке қарай жасаған шешуші қадам болды. Қазақстан халқы үшін ядролық қару мен радиация соншалықты түсініксіз теория емес еді. Бұл қырық жылдан астам уақыт бойы біздің Жер анамызды тітіркенткен қатал да қайталанбас зұлмат болатын. Біздің еліміздің аумағында 500-ге тарта атмосфералық, жерүсті және жерасты «бейбіт» деп аталып келген әскери сынақтар жасалды. Бұл ядролық қару пайда болғалы бергі әлемде жасалған сынақтардың тең жарымына тең», - деді Президент.
Сонымен қатар, Мемелкет басшысы ядролық радиацияның даланы, өзен-көлдерді улағанын айтып, айналасындағы барша тіршілікті біртіндеп жойғанына тоқталды. «Ядролық зұлмат сынақ аймағында тұрған 1,5 млн.-нан астам қазақстандықтардың тағдырын жарымжан етіп, денсаулықтарына зиянын тигізді. Оның зардабы әлі күнге сезіліп келеді», - деді Н. Назарбаев.