Н. Назарбаев Жолдауында «Қазақстан-2030» стратегиясының «барлық міндеттері орындалғанын» мәлім етті - БАҚ

АСТАНА. 16 желтоқсан. ҚазАқпарат -  Нұрсұлтан Назарбаев желтоқсанның 14-і күні Астанадағы опера және балет театрында қазақстандықтарға арналған "Қазақстан-2050" стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыт-бағдары" атты кезекті жолдауында 1997 жылы қазан айында қабылданған "Қазақстан-2030" стратегиясының "барлық міндеттері орындалғанын" айтты,

Н. Назарбаев Жолдауында «Қазақстан-2030» стратегиясының «барлық міндеттері орындалғанын» мәлім етті - БАҚ

деп хабарлайды «Азаттық».

- Біздің басты мақсатымыз - 2050 жылы әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру. Біздің бұған қажеттінің бәрі - ресурстарымыз, білімді адамдар, ұйысқан ұлт, бәрі бар, - деді Назарбаев.

Оның айтуынша, «2050 жыл - қазіргі дүниежүзілік қауымдастық жоспарларын межелеп жасайтын нақты уақыт».  

Қазақстан президенті «Біздің басты мақсатымыз 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру» деді. Ол өңдеу саласын 2025 жылға қарай екі есеге, 2040 жылға қарай үш есеге ұлғайту қажеттігін айтты. 

Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясының мақсаты инновациялық дамуға жағдай жасау, білімнің маңыздылығын жоғарылату екенін айтып өтті. Ол үкіметке Қазақстанды өндірісін дамытудың жаңа кезеңінің жоспарын жасауды тапсырып:

 - Енді екі жылдан кейін индустриалды-инновациялық дамудың бірінші бесжылдығы аяқталады, - деді.  

Ол мемлекеттік активтерді басқару жүйесін модернизациялау қажет екенін де мәлімдеді.

- Ел біртұтас корпорация сияқты жұмыс істеуі қажет, ал мемлекет оның ядросы болуы тиіс. Қазақстан - алыс-жақынды көршілерімен салыстырғанда, экономикалық жағынан да, көлемі және халық саны тұрғысынан да шағын мемлекет. Сондықтан корпорация, компания өз шаруашылығын басқарып, күнделікті оған ақша салып, одан пайда табуға ұмтылатыны сияқты біз де елімізді басқаруды үйренуіміз керек, - деді Қазақстан президенті.