Н. Теңізбаев пен Е. Шалыгина әлем чемпионатының қола жүлдегерлері атанды
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бейжің олимпиадасының қола жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев әлем чемпионатының да қола жүлдесін қанжығасына байлады. Грек-рим күресінен 60 келі салмақта сынға түскен жерлесіміз, қола жүлде үшін болған белдесуде серб Давон Стефаекті жеңді. Бұл салмақта ресейлік Исламбек Әлбиев чемпион атанды. Күміс өзбек палуаны Дилшод Әріповке бұйырды.
Сонымен қатар, Данияда еркін күрестен әйелдер арасында 63 келі салмақта ел намысын қорғаған Елена Шалыгина қола жүлдегер атанды. Бейжің олимпиадасының қола медалінің иегері Е. Шалыгина үшінші орын үшін болған белдесуде әзірбайжандық Олеся Замуланы 4:0 есебімен жеңді. Бұл салмақта алтын медальді жапониялық Насимаке жеңіп алды. Күмісті ресейлік Любовь Волосова иеленді.
Айта кетейік, бұған дейін еркін күрестен 66 келі салмақта өнер көрсеткен Леонид Спиридонов әлем біріншілігінің қола жүлдегері атанған болатын.