Нью-Йоркте БҰҰ-дағы қазақстандық бастамаларды алға жылжыту бойынша сайд-ивент өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017-2018 жж. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне ҚР өтінімін жылжыту бойынша шаралар сериясын өткізу аясында, сондай-ақ 1992 жылғы 2 наурызда Біріккен Ұлттар Ұйымына Қазақстанның мүшелікке алыну күніне орай Ұйымның штаб-пәтерінде БҰҰ-дағы ҚР тұрақты өкілі тақырыптық кездесу және фотокөрме өткізді.
Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Эквадор астанасы Кито қаласында осы жылы қазанда елді мекендер бойынша БҰҰ бағдарламасын іске асыру аясында қалалар мен елді мекендерді орнықты дамыту жөнінде жаһандық саммит өткізуге дайындықты есепке алып, Қазақстан делегациясы аудиторияға Астананы мысалға алып, бағдарламаның негізгі міндеттерін жүзеге асыру нәтижелерін ұсынды.
Қазақстанның тұрғындарға қызмет және басты ресурстар - сапалы ауызсу, дамыған инфрақұрылым, тұрғын үй, азық-түлік, жұмыс, білімге және т.б тең қолжетімділікті бере отырып, қалалар мен елді мекендерді дамыту саласындағы БҰҰ ұсынымдарын іске асыру қазақстандықтардың жоғары деңгейде өмір сүруін қамтамасыз етуде, инклюзивті қоғамды дамытуда басты басымдық болып табылады.
Сайд-ивенттің негізгі спикерлері - БҰҰ Бас хатшысы Кристина Гайак, елді мекендерді дамыту жөніндегі БҰҰ Бағдарламалар кеңсесінің директоры Джакта Ямина осы салада Қазақстанда ұлттық бағдарламаларды іске асырудың қол жеткізілген нәтижелеріне жоғары баға берді.
БҰҰ жанындағы Қазақстанның тұрақты өкілі Қайрат Әбдірахманов елдің солтүстік өңірінде ғана емес, сонымен бірге барша Қазақстанның локомотиві ретінде Астананың экономикасы мен инфрақұрылымын дамыту жөніндегі жоспарды жүзеге асыруда ел Үкіметінің практикалық шаралары туралы ақпарат берді.
Сонымен бірге, Астанада жаһандық форум - «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу - «жасыл экономика» саласындағы бағдарламаларды, инновациялық және жоғары технологиялық идеялар мен жобаларды дамытуда қуатты серпін десе болады.
Қаржылық және экономикалық нарықтарды жаһандандыру жағдайында Астананы халықаралық қаржы орталығы ретінде құру инвестициялық тартымдылықты арттыруға, қаржы институттарын дамытуға және Қазақстанның ғана емес, тұтастай орталық-азиялық өңірдің банктік секторын кеңейтуге және нығайтуға мүмкіндік береді.
Шараға БҰҰ жанында аккредиттелген шетел мемлекеттерінің тұрақты өкілдері, ұйым хатшылығы қатысты.