09:48, 13 Қыркүйек 2010 | GMT +5
Нью-Йоркте мешіт құрылысын қолдаушылар мен оған наразылардың митингтері өтті
АСТАНА. Қыркүйектің 13-і. ҚазАқпарат - Сенбі күні Нью-Йорк орталығында 2001 жылы қыркүйектің 11-інде лаңкестердің шабуылдарына нысана болған егіз мұнараның орнында мешіттің салынуын қолдаушылар мен бұл бастамаға наразылық білдірушілердің митингтері өтті, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС агенттігі.

2001 жылы болған қайғылы оқиғаның тоғыз жылдығы күні мыңдаған адам ислам мәдени орталығының құрылысын қолдаған ұрандар айтып, «нөлдік деңгей» (лаңкестік орны) маңына жиналды. Жарқағаздардың біріне : «Исламға шабуыл - бұл нәсілшілдік!» деген жазу жазылған.
Ал осы жерге жақын маңда бас қосқан тағы бір топ «Мешіттің салынуына жол жоқ!» деп ұрандап, егіз мұнараға жақын жерден ислам орталығының құрылысына жол бермеуге үндеді.
Мұндай акциялар тек Нью-Йоркте ғана өткен жоқ.