Нью-Йоркте паром айлаққа барып соғылды: 60 адам зардап шекті
Бортында 200-ден 300-ге дейінгі аралықта адам болған паром Стейтен аралындағы терминалдың кемежайына барып соғысқан, деп хабарлайды РБК агенттігі. Зардап шеккендердің барығы жергілікті ауруханаға жеткізілді. Соңғы мәліметтер бойынша, олардың өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.
Апатқа ненің себеп болғаны әзірге белгісіз. Куәгерлердің айтуынша, паром тым қатты жүріп келгендіктен, терминалдың алдында тоқтай алмай қалған. Staten Island Ferry компаниясына тиесілі бұл паром күн сайын Стейтен мен Манхэттен аралдарының арасында қатынайды. Бір жылда паром 20 миллионға жуық жолаушы тасымалдайды. Осы паромда ең үлкен апат 2003 жылы орын алған болатын. Ол жолы да Стейтен терминалына соғысып, оқиға салдарынан 11 адам көз жұмған еді.