Нан және тоқаш өнімдерінің бағасын тұрақты ұстап тұру бағытындағы жұмыстар 2011 жылы да жалғастырылады - А. Мамытбеков

Бұл туралы бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2010 жылғы жұмысының қорытындысына және алдағы жоспарына арналған кеңейтілген алқа мәжілісінде «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингінің Басқарма төрағасы Асылжан Мамытбеков айтты.
А. Мамытбековтың айтуынша, қазір «ҚазАгро» холдингі нан бағасының негізсіз қымбаттауына жол бермеу үшін жергілікті атқарушы органдар, Ауыл шаруашылығы министрлігі және «ҚазАгро» холдингі арасында жасалған меморандумдарға сәйкес наубайханаларға ұнды тұрақталған бағамен жеткізіп отыр.
«Нарықтық бағаның өскеніне және бұл үдеріс одан әрі жалғаса беретініне қарамастан, қазір үшінші сұрыптағы бидайды 1 тоннасын 26500 теңгеден жеткізіп отырмыз»,-деді ол.
А. Мамытбеков атап көрсеткендей, меморандумда көрсетілген ұн көлемі қазір қорда жеткілікті және нан және тоқаш өнімдерінің бағасын тұрақты ұстап тұру бағытындағы жұмыстар бұдан әрі де жалғастырылатын болады.