Нанидің қос голы «Ақтөбені» Қазақстан кубогы ширек финалына алып шықты
АСТАНА. KAZINFORM - «Ақтөбе» футболдан Қазақстан кубогының 1/4 финалына жолдама алды.
Жанкүйерлер бұл кездесуден тартысты ойын күтті. Биыл алдына жоғары мақсат қойып отырған командалар жеңіске жетуге бар күшін салатыны белгілі еді. Сондықтан алғашқы минуттан қарсыластар бір-бірінің қақпасы маңында тартысты ойын өрбітті. Соған қарамастан бірінші кезеңде олар есеп аша алған жоқ.
Екінші кезеңде биыл «Ақтөбе» сапын толықтырған португалдық Нани мергендігімен көзге түсті. Алдымен 59-минутта қақпаны дәл көздесе, одан кейін 83-минутта тағы бір мәрте мергендігімен танылды.
Оған 94-минутта семейлік клубтан Рамазан Оразов бір голмен жауап қайырды.
Осылайша «Ақтөбе» қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсіп, ширек финалға жолдама алды.
Енді «Ақтөбе» 1/2 финалда өскемендік «Алтай» командасымен сынға түседі. Олар бүгін қосымша кезеңде жезқазғандық «Ұлытауды» 4:3 есебімен тізе бүктірді.
Айта кетсек, бұдан бұрын өз алаңында көкшетаулық «Оқжетпес» Астананың «Жеңісіне» 2:3, Павлодардың «Ертісі» петропавлдық «Қызылжарға» 1:2, «Атырау» Талдықорғанның «Жетісуына» 0:2, елордалық «Астана» Қостанайдың «Тобылына» 1:2 есебімен есе жіберсе, Қызылорданың «Қайсары» алматылық «Кайратты» 2:1 еесбімен тізе бүктірді.
Дәл қазір бірінші кезеңнен кейін шымкенттік «Ордабасы» Ақтаудың «Каспийін» 1:0 есебімен жеңіп жатыр.